Алматыда балық жемін өндіретін 5 зауыт салынады

Балық шаруашылығы комитетінің мәліметінше былтыр қазақстандықтар 128 мың тонна балық тұтынған. Оның 45 мың тоннасы отандық үлестің еншісінде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал арнайы фермаларда өсірілгендері тіпті аз. «Жерлестеріміздің балықты аз пайдалануы бірінші қымбаттығынан, екінші үйренген асымыз емес»,-дейді мамандар. Ал комитеттің алға қойған мақсаты – 2030 жылға дейін балық өсіру көлемін 270 мың тоннаға жеткізу. Қазір балық шаруашылықтарын қолдаудың екі тәсілі бар.   

Алмас Асылбеков, ҚР ЭГТРМ Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары:

- Балық шаруашылығы субъектілері мына қондырғыларды, зауыттарды салып, тоғандарды қазып жаңағы ақша жұмсаса, соның мемлекет 25 пайызын өтеп береді. Бұл – бірінші бағыт. Екінші бағыт – жаңағы балық өсіру кезінде балық шабақтарын сатып алады, жемдерін сатып алады, дәрі-дәрмектерін сатып алады. Соған жемдерге 30 пайыз, ал қалған субсидия түрлеріне 50 пайыз мемлекет өтеп береді.

Сонымен қатар балықшыларға салынатын салық көлемі де 70 пайызға жеңілдетілген. Қазір республикада 300-ге жуық шаруашылық бар. Бұл 45 мыңнан астам өзен-көлі бар ел үшін өте аз көрсеткіш. Бүгін Алматыға арнайы шақырылған Түркия, Польша мен Өзбекстан кәсіпкерлері өз тәжірибелерімен бөлісті. «Біздегі тағы бір мәселенің бірі – іскер азаматтардың балық шаруашылығына деген қызығушылығы төмен»,-дейді мамандар. 

Марлен Тұрсынәлі, кәсіпкер:

- Соны насихаттап, біздің қазақ елінің азаматтарына балық өсірудің дұрыс екендігін, пайдалы екендігіне көз жеткізген жағдайда бұл дамиды деген ойдамыз. Негізгі тұтынып отырған балығымыз – қазір қызыл балық. Ал оны өзіміз өсіре алатын болсақ, бізде Каспийде өсіруге болады. Сонымен қатар біздегі форель үлкен деңгейде өсірсе соны алмастыруға болады. Сұраныс бар, ал Ресей мемлекеті үлкен сұраныс сұрап отыр қазір.

Балыққа қажетті жем шетелден әкелінеді. Енді осы кемшілікті түзеу үшін елімізде балық жемін жасайтын 5 зауыт салу жоспарланып отыр. Импортты азайтудың тағы бір жолы – осы. Сонымен қатар Қапшағай, Балқаш пен Каспийде шарбақ әдісімен балық өсіру технологиясы қолға алынбақ.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев