Ту көтеру – аса маңызды оқиғаларға орай жасалатын ерекше рәсім – Тоқаев

Аспан түстес көк байрақты көргенде жаһан жұрты бейбіт еліміздің достық пейілін, ынтымаққа ұмтылған адал ниетін таниды. Туда бейнеленген шұғылалы күн халқымыздың өмірге, өсіп-өркендеуге құштарлығын, ал қанатын жайған қыран құс рухымыздың асқақтығын айғақтайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттік тудың мән-мағынасы қаншалықты терең болса, қанық түстері соншалықты әсем. Байрақты бәсекеде туымыз көкке көтерілгенде, әнұранымыз қоса шырқалып, халқымыздың бірлігін ұйыта түседі.   

Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты жиында Президент Қасым-Жомарт мерекемен құттықтап, бұл күннің егемен еліміз үшін айрықша мерейлі әрі маңызды екенін атап өтті. Қасиетті нышандарымызда қазақтың мың жылдық арман-тілегі, мақсат-мұраты түгел тоғысқан. Ту халқымыз үшін қашанда ерлік пен елдіктің символы саналған, -деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Көк түріктер заманында бабаларымыз бөрілі байрақтың төңірегіне топтасты. Қазақ хандығының туы бүкіл ұлтты ұйыстырды, ел бірлігін бекемдеді. Ал, өткен ғасырда арыстарымыз «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз!» деп халыққа жігер берді. Көне дәуірден мирас болған осы дәстүр ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге жетті. Қазақ елінің көгінде Ұлы даланың айбынын асырған Тәуелсіздік туы желбіреді. Көк байрағымыз – мызғымас мемлекеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз – азаттықтың айшықты көрінісі. Ал, Әнұранымыз – еркіндік пен елдіктің үні.

Ерекше рух беретін үш символ әр қазақстандықтың кеудесіне мақтаныш сезімін ұялатады. Президент еліміздің басты құндылықтарын құрметтеу – баршаның перзенттік парызы екенін еске салды. Ал оған немқұрайлы қарап, қадір-қасиетін түсіретіндерге біржола тосқауыл қою қажет, деді мемлекте басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі жөніндегі заңнаманы күшейту маңызды. Сонымен бірге, жастармен жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізген жөн. Бұл – бүкіл қоғамның міндеті. Осы орайда, бүгінгі салтанатты іс-шараның тәрбиелік мәні өте зор. Ту көтеру – аса маңызды оқиғаларға орай жасалатын ерекше рәсім. Халқымыз тарихи таңдауын жасайтын сәтте алып байрағымыздың көкте желбіреуін жақсы ырымға балаймыз.

Осы күні Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ең үздік курсанттарына әскери шен тапсыру жылдағы дәстүрге айналған. Бұл – үлкен абырой әрі зор жауапкершілік. Сондықтан жас ұландар осы мәртебеге лайық болуға міндетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

–Туған елдің тыныштығы мен тұтастығын қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы. Тәуелсіздік туын биік ұстау – Отан күзетінде тұрған әрбір ұланның абыройлы міндеті. Ерлік істер осындай патриоттық сезімнен бастау алады. Сіздер ел үмітін ақтайсыздар деп сенемін. Әскери шендеріңіз құтты болсын!  Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіресін!

Бүгін Президенттің қолынан ең бірінші болып, әскери шен алу құрметі Сағадат Нұрмағамбетов атындағы құрлық әскерлері әскери институтының түлегі, Руслан Амангелдіге бұйырды.

Руслан Амангелді, С.Нұрмағамбетов атындағы құрлық әскерлері әскери институтының түлегі:

- Біз, тәуелсіз Қазақстанның офицерлері егеменді елімізді қорғауда бар күш-жігерімізді жұмсауда аянбаймыз. ҚР мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдық мерейтойында сіздің қолыңғыздан, салтанатты түрде әскери шенді алу мен үшін үлкен қуаныш! Мемлекеттік рәміздерімізді асқақтату жолында, Тәуелсіз отанымызға, Қазақстан халқы мен оның Президентіне адал қызмет етуге ант етемін.

Еліміздегі жоғары әскери оқу орындарының 12 үздік түлегі Қазақстан Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан офицер погонын алды. Бүгінгі күн олардың есінде ерекше күн ретінде сақталмақ. Өйткені жас ұландар мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығында салтанатты түрде Қарулы күштердің сапына қосылды. 

Авторы: Бақыт Топтаева