Нұр-Сұлтанда ерекше балаларды спортқа баулитын маман тапшы

Алтынай Қазбековаға туғанынан омыртқаның дұрыс дамымауы диагнозы қойылған. Қазір ол 10 жаста. Қайсар қыз бала күнінен қауіпті кеселмен күресіп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мүгедектігі бар балаларға арналған спорт секцияларына қатысып көптеген жаңа дос тапқанын айтады. Табандылығының арқасында әртүрлі жарыстарда жүлделі орындарға да ие болған.

Алтынай Қазбекова, қала тұрғыны:

- Мен арбадағы спорттық заманауи билермен айналысқанды жақсы көремін. Боча ойынын жаным сүйеді. Бұл ішіне құм салынған допты лақтыру. Үлкен тенниске де жазылдым. Спортпен айналысу күш береді, өзімді жақсы сезінемін.

Ерекше күтім керек баланың жаны қалап тұрған соң ата-аналар да спортты дамытуға мүдделі. Олардың көбі арнайы оқытудан өтіп, толыққанды жаттықтырушыға айналып үлгерген. Әйтпесе салада мамандар жоқтың қасы. Ата-аналардың бастамасымен қоғамдық қор құрылып, 16 облыста спорт секциялары ашылған.

Нұрия Балтабайқызы, ерекше баланың анасы:

- Өзіңіз көріп тұрғандай, бұлардың дене бітімі сау ғой. Біздің балаларда тек менталды ауытқу бар. Ал дене бітіміне қарай физикалық дамыған, спортқа жақсы бейімделген. Спорт миына да, денесіне де жақсы даму береді. Комплекті үйренетін болса, міндетті түрде спорт керек.

Ерекше балаларға арналған секциялар демеушілік көмектің есебінен жұмыс істейді. Қазір қаржы 700 баланы қамтуға ғана жетеді. Ал елде мүгедек балалар саны 150 мыңнан асады. Сондықтан спортпен шұғылдану барлығына бірдей қолжетімді емес,- дейді қоғамдық қордың басшысы. Нұргүл Ұлжекованың айтуынша, мемлекеттік спорт секциялары менталды ауытқуы бар балаларды қабылдамайды.

Нұргүл Ұлжекова, қоғамдық қордың директоры:

- Спорттық жарыстар тек денсаулығы жақсы балалар арасында дамыған. Себебі қолдау бар. Ал менталды ауытқуы бар жеткіншектер көлеңкеде қалып жатыр. Бұл дұрыс емес. Жауапты министрліктер жұмыла осы мәселені шешуі керек. Білім және ғылым, мәдениет және спорт министрлігі, жергілікті атқарушы органдар мүгедек балалардың мәселесін жылы жауып қоюды доғарса деймін. Тағы бір мәселе жаттықтырушылар ақыл-ой кемістігі бар балалармен жұмыс істеуге мүдделі емес. Себебі, олардың барлығы бірдей спортта жақсы нәтиже көрсете алмайды. Ал орын алмаған соң жаттықтырушыларға қосымша ақы төленбейді, сондықтан олардың мұндай балалармен жұмыс істеуге ынтасы жоқ.

Жауапты ведомство мәселенің бар екенін жасырмады. Ерекше балалардың барлығын спорт секцияларымен қамтуға қазір мүмкіндік жоқ екенін айтты. Себебі елімізде маман тапшы. Ол балаларды кез-келген жаттықтырушы қабылдай алмайды. Арнайы білімі бар, медициналық қабілеті жоғары адам спортқа баулиды. Ақыл-ой кемістігі бар балаларды көбіне секцияларға қабылдамай жататыны да осыдан дейді жауаптылар.

Мұхамеджан Бекназаров, Спорт және дене шынықтыру комитетінің басшысы:

- Жергілікті атқарушы органдарда нақты белгіленген спорт кешендері яғни ол жерде барлығы толықтай кіргізеді деп айта алмаймыз. Біз қазір финисирование аштық. Ол жерде барлық мүмкіндігі шектеулі, көзі көрмейтін, тірек қимылы зақымдалған, интелектуалды барлығы қарастырылған мем. тарапынан. Бірақ тек құжат жағынан. Яғни біздің министрлік құжат жағынан барлық жағдайды жасап қойды. Жергілікті атқарушы органдар қаражат жағын бөліп, бөліп те қойған. Бізде тек мамандар аз. Кез-келген адам ол балаларға жаттықтырушы бола алмайды.

Қазір спорт секциялары ерекше қажеттіліктері бар балалардың аз ғана бөлігін қамтиды. Қаражат қарастырылғанмен, маман жоқ. Ал бұл қалай шешім табары әлі белгісіз.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы Арман Ақшабаев Нұрғали Мамырбаев