Түркістанда әр елден келген білікті HR менеджерлер бас қосты

Адами капиталды дамытуға арналған форумда сарапшылар бірнеше күн бойы жеке компаниялар мен мемлекеттік қызмет саласында мамандарды дұрыс басқару тетіктерін талқылайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әзірбайжан, Грузия, Қырғызстан, Ресей, Еуропа елдері, АҚШ, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Украинаның танымал бизнес көшбасшылары мен сарапшылары шақырылған. Мамандардың айтуынша, елімізде HR технологияларын кеңінен қолдану енді қарқын алып келеді. Әзірге олар бизнес саласында ғана белсенді әрекет етеді. Болашақта мемлекеттік басқару саласында да кеңінен етек жаятын болады. Форум аясында Астана Мемлекеттік қызмет хабының және «Мемлекеттік қызметтің адами капиталы» академиясының панельдік сессиясында отандық сарапшылар да баяндама жасады.

Әлихан Бәйменов, Мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы:

- Маманның білімі мен білігін ортақ мүддеге тиімді жұмсау үшін қандай тәсілдер керек. Қоғамда қалай сенім орнату керек. Адами ресурстардың сапасын көтеріп, адами капиталды жаңа деңгейге көтеру  керек. Осы тұрғыда шетелдік және отандық сарапшылар, ғалымдар пікір алмасады. Соның нәтижесінде әркім өзінің ұйымында, жұмысында осы бағытта жаңа бастамалар көтеріп, жаңалықтар енгізуге мүмкіндік болады.