СҚО-да құтқарушылар дайындықтарын пысықтады

Солтүстік Қазақстан облысында ресейлік құтқарушылармен бірге оқу-жаттығу жиыны өтті. Оған шекаралас Түмен, Қорған облыстарының қызметкерлері де қатысып, өрт кезіндегі тәжірибелерімен бөлісті. Екі елдің мамандары кең далада жанған отпен арпалысып, дайындықтарын пысықтап алды.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Міне күннің ыстығынан құрғақ шөп тағы да тұтанып, дала өртеніп жатыр. Қазір төтенше жағдайлар қызметкерлері лек-легімен келіп, тілсіз жаумен барынша күресіп жатыр. 

Дала өрті оқу-жаттығу жиыны үшін салынған саяжай үйлеріне де тиді. Құтқарушылар тез арада тұрғындарды көшіріп, тілсіз жауды дер кезінде сөндіріп үлгірді.

Мереке Кенжетаев, Петропавл қалалық №3 ӨСБ бөлім командирі:

- Осы өрттің кесірінен 4 дача жанды. Және де шөп жанды бір гектардай. Осы өрттің кесірінен 4 дача жойылды. Өртті сөндірдік. Ликвидациясы болды.

Ресей шекарасы өрт болған жерден алыс емес. Осындай ыстық күні жанған от лезде күш алып, құтқарушыларға дес бермеуі мүмкін. Сондықтан оқу - жаттығу жиынына көрші елдің мамандары да келіп қатысты.

Артур Хачатрян, РФ Түмен облысы бойынша ТЖМ Бас басқармасының бастығы:

- Дала өртінің қаупі екі елде де бар. Биыл Түмен облысында күрделі жағдай болды. Ал Омбы облысында күніне екі жарым мың термонүктеге дейін тіркелді. Әзірге өз күшіміз жетеді. Бірақ қиын сәтте бір-бірімізге көмектесуіміз керек.

Рамиль Камалов, облыстық ТЖД бастығы:

- Оқу – жаттығу жиынына 25 техника мен 67 құтқарушы қатысып жатыр. Бүгінгі таңда ресейлік әріптестерімізбен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Біздің мамандар бейнебайланыс арқылы күн сайын ақпарат алмасып тұрады. 

Биыл өңірде 24 дала өрті болды. Әсіресе сәуір-мамыр айларында күн ысып, құтқарушылар дамыл таппады. «Сондықтан осындай жиындардың маңызы зор», - дейді олар. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев