Қызылорда облысы Полиция департаментінің автопаркі жаңа көліктермен толықты

Жергілікті бюджеттен учаскелік және патрульдік полиция инспекторларына 92 қызметтік көлік сатып алынды. Басым бөлігі ауыл-аймаққа жіберіледі. Темір тұлпарлар тұтастай заманауи құралдармен жабдықталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шиелі ауданындағы 2 жарым мың тұрғыны бар Алмалы ауылдық округіне жауапты учаскелік полицей Бағлан Базарбаев бұған дейін ескі көлікпен жүретін. Енді міне төл мерекесі қарсаңында су жаңа техника тізгіндеп, өндіріп жұмыс істейтініне қуанышты.

Бағлан Базарбаев, учаскелік полиция инспекторы:

- Мал ұрлығы, қылмыстар болып тұрады. Бізде бір ауылдық округте 4 бөлімше бар. Соның бәрін аралап, қызмет ету керек күнделікті. Сондықтан осы автокөлікті ауыл ақсақалдары департаментке өтініш жасап, беріп жатыр. Алдағы уақытта халықтың сенімін ақтап, жақсы қызмет атқаруға сенім білдіремін.

Бектөре Сұлтан, облыстық Полиция департаментінің бастығы:

- Мемлекет басшысы мен ішкі істер министрінің барлық тапсырмалары мен нұсқауларын орындауға сенім білдіреміз. Болашақта тағы да 28 машина алуға әкім қол қойды. Қоғамдық тәртіпті, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде полицияға қолдау көрсеткен облыс әкіміне алғыс білдіреміз.