Абай облысының әкімі түрлі мемлекеттік мекемеде басшылық қызмет атқарған

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Абай облысының әкімі болып Нұрлан Ұранхаев тағайындалды. Оны өңірдегі 114 депутаттың 89-ы қолдады. Дауыс беру ашық  форматта өтті.

Мемлекет басшысы Абай облысының әкімі лауазымына екі кандидатты ұсынды. Олар Нұрлан Ұранхаев пен Асхат Смаилов. Өңірдегі мәслихат депутаттарына үміткерлерді президент Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу таныстырды. Өз кезегінде кандидаттар жаңа облысты жаңғырту үшін атқарылуы тиіс жұмыстарға тоқталды.

Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:

- Облыс орталығын дамыту жөніндегі тұжырымдамасын қайта қарастыру қажет. Менің тәжірибем мәселеге жаңаша қарауға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Қаланың тозығы жеткен инженерлік-коммуникация жүйесін парктер мен алаңдарды, аулаларды, тұрғын үй құрылысын қалыпқа келтіру аса өзекті мәселе.

Жаңа әкім ең әуелі ескірген инфрақұрылымды жақсартуға күш салмақ. Бұрыннан бері шешімін таппай келе жатқан тұрмыстық-әлеуметтік мәселеге мән беретінін айтты. Қоғамдық көлік, жылумен қамту, жол жөндеу аса маңызды. Оның айтуынша, бұл қордаланған мәселенің бергі жағы. Енді атқарушы билік тереңірек зерттеу жүргізіп, мәселені түбегейлі шешуге ниетті.

Тұрдыкүл Шанбай, Абай мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының директоры:

- Келген әкіміміз де осы семейлік. Іскер азамат. Біз сыртынан білетінбіз. Сондықтан да осы елдің ағасы ретінде пікрімді білдірдім. Сіздер мен біздер болып, облысты гүлдендіруге атсалысу керек.

Айбек Нұғымаров, Абай облысы мәслихатының депутаты, "Қазақ күресінен" халықаралық спорт шебері:

- Барлық депутаттар, аудан, қала және облыс депутаттары бір ауыздан дауыс беріп, тарихи күн болды. Абай облысының дамуына Ұранхаев өз күшін сала отырып, халықпен ақылдаса отырып, қаланы көркейтеді деген ойдамын.

Нұрлан Ұранхаев бұған дейін түрлі мемлекеттік мекемеде басшылық қызмет атқарды. 2019 жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасын басқарды. Бүгіннен бастап құрамына 2 қала және сегіз аудан кіретін Абай облысын әкімі ретінде жұмысқа кірісті.

Талғатбек Әбдіқожа, Асем Утешева, Берік Жобалайұлы