Хакерлік форумдардың бірінде «Қазпошта» мәліметтері тарағаны мәлім болды

Ал мәліметтерді тарататындарға қатысты заңда ешқандай жаза қарастырылмаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Хакерлік форумдардың бірінде Қазпошта компаниясының мәліметтері заңсыз саудаға шығарылды. Сондықтан акционерлік қоғам өкілдері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің көмегіне жүгінген. Олардың айтуынша, бұл ақпарды жариялаған азамат бұған дейін «Қазпоштаға» хабарласып, бірнеше мың доллар талап еткен. Кибер шабуылдарды зерттеу және тергеу орталығы мамандарының айтуынша, саудаланған жазбалар компания клиентерінің жеке мәліметтерімен сәйкес келеді. Алайда серверлер бұзылмаған. 

Олжас Сатиев, кибер шабуылдарды зерттеу және тергеу орталығының президенті:

– Өткен аптада ресейлік хакерлік форумдардың бірінде «Қазпошта» компаниясының мәліметтер қорын сату туралы хабарлама жарияланды. Онда 12 миллион адам жайлы ақпар бар екені жазылды. Хабарламаны қалдырған азамат қорды 5 мың долларға сатпақ болды. Біз файлдарды зерттеп, бұл мәліметтер шын мәнісінде «Қазпоштадан» алынғанына көзіміз жетті. Өкінішке қарай, бұл азаматты табу қиын болады. Ертең ол ақпарды алаяқтар сатып алып, қолдана бастамасқа кім кепіл? Заңда мәліметтерді тарататындарға қатысты ешқандай жаза қарастырылмаған.