Түркістан облысының шаруалары суға қашан жариды?

Биыл Түркістан облысында 126 мың гектар жерге егілген дәнді дақыл күйіп кетуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі Сырдария өзенінің бойында орналасқан 4 ауданда ағын су тапшы. Диқандардың айтуынша, жауапты министрлік өкілдері «Көксарайға» су жібермей қойған. Ал «Шардара» қоймасына жиналған суды Сырдария арқылы Қызылорда облысына кетіп жатыр, дейді шаруалар. Бұл ағын су тапшылығынан қиындық  көрген Арыс, Шардара, Отырар және Жетісай ауданының шаруалары. Тіршілік нәрінен тарыққандар «жауапты министрлік пен Су ресурстары комитеті Сырдария өзеніндегі суды солайымен Қызылорда облысына жіберіп, бізді сусыз қалдырды», – дейді. Ашынған шаруалар биыл суға жауаптылар «Көксарай» су реттегішіне бір тамшы су да жібермегенін айтады. Қазір «Көксарайдың» табаны көрініп жатыр. Ал егістік егіп қойғандары су таппай отыр.

Жасан Сақ, шаруа:

Көксарайға су жіберілетін болса, 10 мың гектар жер су ішеді осыдан. Солардың көбі қазір егіп алып, шығынға батып отыр. Қазір су ала алмастан қор болып, диқандар жылап келіп отыр. Істеген еңбегіміз далада қала ма, осыны қалай шешеміз деп. Шешу үшін жоғары жаққа қарап отырмыз. Жоғары жақ осы мәселені шешеді деп талап етеміз. Болмаса, дауысымыздың жеткен жеріне дейін айтып, баратын жерге барамыз.

Көксарай су реттегіші о баста көктем мезгілінде Сырдариядағы артық суды жинап, сол маңдағы шаруалардың егісіне және жаз айларында Қызылорда облысын сумен қамтамасыз ету үшін салынған болатын. Онда 3 млрд текше метр су жиналады. Биыл көктемде жауын-шашын көп, су мол болғанымен Көксарайға су жіберілмеген. 

Сүйеубек Ділдәбеков, шаруа:

Судың бойында отырып, мүлдем су ала алмаймыз. Біз Үкіметтен қол жайып, ақша сұраған жоқпыз. Бала-шағамызды бағып, күн көру үшін су сұрадық. Сол суды берсін, сонда қаншама халық осында бойында күнін көреді.

Жалпы Түркістан облысында 222 мың гектар суармалы жер бар. Соның 126 мыңы суды осы Сырдариядан алады. Жетісайлық Набаткүл Байтанаева ұсақ шаруалардан құралған кооперативке жетекшілік етеді. 369 гектар алқапқа мақта дақылын еккен. Былтыр шілде, тамыз айларында Маш каналы арқылы Сырдан бір құлақ та су ала алмағанын айтады.

Набаткүл Байтанаева, қожалық жетекшісі:

Серік Салауатұлы Қожаниязовқа айттық, Бірекешовтың бірінші орынбасары. Сол Серік Салауатұлы аш десе, ашады, жап десе жабады екен. Ол рұқсат бермеді. Қазіргі таңда су Шардараға жиналу керек емес пе? Қызылорда облысына 300 мың текше метр су жіберілсін. Қалғаны Шардараға жиналып тұрсын дедік. Неге десеңіз, ертең жазда бізге керек қой су. Қазір барлық су дарияға кетіп жатыр. Енді 20 күнде бізге су керек кезде су таусылып қалайын деп отыр. Біз сосын байбалам салып отырмыз.

Мамандардың айтуынша, қазір Шардара су қоймасында 4 млрд 700 млн текше метр су бар. Оның 1 млрд-ы Шардара халқын ауыз сумен қамтуға жұмсалады. 800 млн текше метрі аудан шаруаларына тиесілі. 200 млн Жетісайға берілуі тиіс. Сонда су қоймасында 2 млрд 500 млн текше метр су қалады. Сондықтан шаруалар қалған суды үнемдеуді сұрап отыр. Егер дәл қазіргідей Сырдария өзеніне секундына 550 текше метр су жіберілетін болса, онда қоймадағы су 1 айда таусылатынын айтады. Сосын биыл да Шардара қаласының тұрғындары ауыз сусыз, ал диқандары өнімсіз қалмақ. Сондықтан шаруалар жауаптылардан суды әділ бөліп, алдағы қиындықтардың алдын алуды сұрап отыр.

Бекмағамбет Кеншім, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Қызылорда облысы шаруаларының өндіретін өнімі жалпы теңгеге шаққанда 107 млрд теңгеге бағаланған өткен жылы. Ал Түркістан облысының шаруаларының өндірген өнімі 537 млрд теңге өнім өндірген. Бес есе. Ал біздің алатын суымыз 2 млрд текше метр көлемінде, ал қызылорда облысының алатыны өткен жылғы есеп бойынша 9,7 млрд текше метр су алған. Бұлай жалғаса берсе, Шардара ауданы емес, тұтас облыстың шаруалары сусыз қалып, жағдай өте күрделеніп кететін түрі бар.

Сырдария өзеніндегі суды бөлуге қатысты дау өткен жылдан бері ушығып тұр. Осынған байланысты өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің ұсынысымен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде арнайы комиссия құрылып, топ мүшелері өткен айдың соңында Арысқа келген болатын. Шаруалармен кездесіп, мәселемен танысты. Ауыл шаруашылығына жауапты жергілікті басшылар өңірдегі жағдайдың қаншалықты өзекті екенін комиссия мүшелеріне түсіндірді.

Нұрбек Бадырақов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Біз айтқанбыз өткенде Шардараға келген кезде. Шардара су қоймасы 4,2 млрд болды. Көксарайға жинаңыздар, тасиды мынау ертең дедік. Берсеңдерші бұл кісілер суғарып алсын артық су бар кезде. Берген жоқ. 2 күннің ішінде амал жоқ, 120 кубқа көтерді. Шардарадан төменге қарай 1 млрд су ысырап болды. Сол суды ұстап қалғанда қазір Көксарайда 1 млрд 25 млн текше метр су тұратын еді.

Кездесуде шаруалар Су ресурстары комитетінің су объектілерін пайдалану және дамыту басқармасының басшысы Еділ Әбдірайымовқа жанайқайын тиісті министрлікке жеткізуді өтінді.

Еділ Әбдірайымов, су ресурстары комитетінің басқарма басшысы:

– Жиналыста айтылған мәселелердің бәрін біз хатқа түсірдік. Сол хатты министрдің қарауына береміз. Келесі апта осы мәселелер бойынша шешім қабылануы тиіс, су мәселелсін дұрыс пайдаланып, дұрыс бөлу бойынша.

Алайда комиссия төрағасы мәселені бір аптада шешеміз деп уәде бергенімен одан бері жарты ай өтті. Елордаға қарап елеңдеген шаруалар еститін Үкіметтен үміт күтеді. Болмаса Ақордаға барамыз деп бекініп отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов