Туризм: биыл Еуропа елдеріне сұраныс артқан

Туризм: биыл Еуропа елдеріне сұраныс артқан

Алматылықтар шетелде демалуды жөн көреді. «Биыл Еуропа елдеріне сұраныс артты»,– дейді туристік агенттік өкілдері. Бұған теңге құнының тұрақтануы мен Еуропа мемлекеттеріндегі карантиндік шектеулердің жеңілдеуі әсер етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдегі туристік инфрақұрылым мен демалыс нысандарындағы баға мен сапа мәселесі де ықпал еткен. Алматылық Фарида Жылқыбаева – отандық туристік индустрияның негізін салушылардың бірі. Осы салада жұмыс істеп келе жатқанына 30 жылға жуықтаған. Кәсіпкердің айтуынша, пандемия кезіндегі каратиндік шектеулер оның да бизнесіне кері әсерін тигізген. Дегенмен туризм саласы қайта жандана бастаған.

Фарида Жылқыбаева, туристік агенттік директоры:

– Европа елдері бізге жақсы виза беріп жатыр.Франция, Австрия, Греция, Италия визаны жақсы беріп жатыр. Мысалы, ПЦР тест, вакцина жағы жеңілдетіліп жатыр. Құжаттар жинау қатал болып жатқан жоқ. Біздің өте жақсы көретін мемлекетіміз Турцияға баратын демалыстар,өте жақсы, ретімен болып жатыр.

Дегенмен өткен жылдарға қарағанда, шетелде демалу бағасы орта есеппен алғанда 20-30 процентке қымбаттаған. Мәселен, екі адамның толыққанды бір апталық демалысына, кем дегенде бір жарым млн теңгеге жуық қаражат кетеді. Ал біздің еліміздегі орташа жалақының мөлшері 270 мыңның айналасында. Бірақ жыл бойы қаржысын үнемдеп демалысын жоспарлап қоятындар баршылық.

Мен Италияға барғаннан кейін тағы бір рет барғым келеді. Венецияға,Флоренцияға сол жақтарды тағы бір рет аралап қайтсам, арманым болмайтын еді. 

Түрік мемлекетіне барсақ па деп отырмыз,бірақ шығыны көп деп отырмыз.Өйткені көпбалалы отбасымыз. Бізде 5 баламыз бар. Қазір біздің отбасмызға шамамен 2-2,5 млн кетейін деп отыр.

– Биыл семьямызбен Алакөлге баруды жоспарлап жатырмыз. Бұйыртса, осы тамыз айының бас жағында. Шетелге достарыммен қаражат жағына байланысты 1 аптаға Бакуге жоспарлап отырмыз.

Туристік қауымдастық өкілдерінің айтуынша, пандемия кезінде шетелге шыға алмаған қазақстандықтар отандық демалыс орындарына басымдық берді. Осы қалыпты ұстап қалу үшін Үкімет те барын салып жатыр. Мәселен, туристік жолдама болса, ел ішінде балалар үшін ұшақпен ұшу тегін. Оған қоса, Қазақстанға шетелдік туристерді тартқан агенттіктерге қаржылай қолдау бар.

Алина Әбдірашитова, «Қазақстанның туристік қауымдастық» ЗТБ менеджері:

– Әрине, саяхаттағанды ұнататын адамдар ең алдымен валюта бағамының тұрақты болғанын қалайды. Себебі шет жерде демалса да, осында демалса да бәрі бағаға келіп тіреледі. Өткенде теңге арзандап, доллар қымбаттап кеткен кезде алдын ала саяхатын жоспарлап қойғандардың біразы билеттері мен жолдамаларын өткізіп тастады. Ішкі туризмде де жағдай осылай. Әрине бұл бірен-саран ғана адам болуы мүмкін. Бірақ рас екені анық.  

Қанша айтсақ та, бізде туризмді дамыту ісі ақсап тұрғаны көпке аян. Демалыс орнына жеткенше, туристер діңкелеп бітеді. Инфрақұрылым нашар. Жол бойындағы қызмет көрсететін нысандарда санитарлық талаптар сақталмайды. Өзімізді айтпағанда, шетелдіктер біздегі дәретханалардан шошиды. Тіпті оның өзі жоқтың қасы. Ал демалыс орындарында баға қымбат. Алматылықтардың шетелде демалуды қалайтыны да сондықтан болар.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов