Құс фабрикалары өлексе қалдықтарын ауылдардың айналасына төгіп тастаған

Жамбыл облысында үш бірдей ауыл қолқаны қабатын сасық иіске тұншығып отыр. Өйткені құс етін шығаратын фабрика қалдықты елді мекендердің төңірегіне төккен. Ауылдағы ағайын біраз жерге шағым да айтқан. Алайда оған  құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Енді өлексе иісі шыққан жерге ит пен құс үймелеп, мал-жанға қауіп төндіруде.  

Жұрт Байзақ ауданындағы құс фермасының тірлігіне шағымданып отыр. Жылына 8 мың тонна өнім шығаратын алып фабриканың қалдығы арнайы технологиямен жойылуы тиіс. Алайда бұл талаптар орындалмайды. 

Тұрғындардың айтуынша, қалдықты бір жерге үйіп тек өртеумен шектеледі. Ал ішек-қарын, жарамсыз құс еттері ауылдың маңындағы орға тасталады. Өндіріс ошағынан шыққан техникалық су жиналып шағын көлшікке айналған. Тұра-тұра борсып жағымсыз иіс мүңкіп тұр. Одан өрістегі мал су ішеді. Ал түліктің еті мен сүтін ел тұтынып отыр.

- Міне өлген тауықтар. Тіпті ат үркіп жанына бармай тұр. Мынаның бәрі міне өлген тауықтар. 

Нұржан Әлімбаев, Мырзатай ауылдық округінің тұрғыны: 

- Ластанған су ол жерге сіңіп, соны біз тұтынып отырмыз. Өлексені енді ашық-шашық тастап көрдіңіздер, бұралқы иттер жүр. Бұралқы иттер топ тобымен жүріп ауылдың малына шауып жатыр. Ертеңгі күні адамға шаппасына кім кепіл.

Нұржан Омарқұлов, Мырзатай ауылдық округінің тұрғыны:  

- Жұмыс ашылды ма деп қуанғанбыз. Енді міне ауылдың экологиялық жағдайы төмендеп жатыр күннен күнге. Қазір демалып отырайын десең кірерге тесіп таппай қаласың.

Әкімдіктегілер бұған дейін мұндай мәселе болған емес деп азар да безер. Кімге сенеміз? Алты жыл бойы мүңкіген иістен зәрезап болған ауылдықтарға ма, әлде жергілікті билікке ме?! 

Болат Сағымбеков, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары:

- Осы уақытқа дейін бұл мәселе көтерілген жоқ еді. Біздің ауданда тіркелген серіктестік. Ірі салық төлеуші деп айтып отырмын. Міне мәселе көтерілді ғой енді. Мәселе аясында жұмыс жасайтын боламыз.

Ал құс фабрикасы басшысының айтуынша бәріне кінәлі жел. Оның пікірінше жел бағыты өзгермегенде иіс ауылға бармайтын еді.  Сәйкесінше жабулы қазан жабулы күйінде қалып қалдықтар одан әрі тастала берер ме еді кім білсін?

Фарида Жүнісова, құс фабрикасының бас директоры: 

- Осы 10 жылдың ішінде ғылыми дәлелденіп отыр. Желдің ауытқу бағыты 20 пайызға өзгергені. Енді соған байланысты біздің де көзіміз жетіп отыр ма, біз де өз жағымыздан керекті модернизацияларды жасаймыз. Қосалқы тазартқыштарды қоямыз деп айта аламыз. 

Құс ферманың қалдығын жоюды жүйеге келтірмесе мәселе шешілмейді. Қоршаған орта ластанып бірнеше ауыл зардап шегуі мүмкін. Ал өндіріс тоқтамайды. Керісінше кәсіпкер өнім көлемін сұранысқа қарай арттыра түспек. Бұл қалдық көбейгеннің үстіне көбейе түседі деген сөз. 

Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә