Шымкентте жәдел жәрдем қызметкерлері өзара сайысқа түсті

Шымкентте жәдел жәрдем қызметкерлері медициналық көмек көрсету бойынша өзара сайысқа түсті. Осылайша пандемияның салдарынан тұралап қалған дәстүрлі шара қайта жалғасын тапты. Жарысқа дәрігерлер мен фельдшерлер қатысып, ситуациялық сынақтардан сынға түсті.

Ашық аспан астында өткізілген сайыстың қатысушылары әуелі жол көлік оқиғасынан зардап шеккен жандарға медициналық көмек көрсетті. Сценарий бойынша жолаушылар мінген автобус пен ГАЗель соқтығысқан. Жол апатының салдарынан 23 адам түрлі дене жарақатын алса, тағы екеуі көз жұмды.

- Щитті жақындатамыз. Көтереміз щитті. 1-2-3 жатқызамыз.

Оқиға орнына жедел жәрдем бекетінің жеті желілік бригадасы келіп жетті. Мамандар зардап шеккен жандарды үш топқа бөліп, шұғыл әрекет ету алгоритміне сай медициналық көмек көрсетті. Сайыста саспай өз міндетін атқарғандардың бірі Нұрасыл Мұсахан. Ол көп қан жоғалтқан 20 жасар баланың аяғын таңып, сүйекке салмақ түспес үшін үрлемелі жастықшаны да пайдаланды.

Нұрасыл Мұсахан, қалалық №6 жедел жәрдем бекетінің желілік бригада фельдшері:

- Біз күніне 20-30 арасында шақыртуға барамыз. Бір шақыртуда терапевт боламыз, бір шақыртуда хирург боламыз. Барлық жағдайда біріншілік көмекті көрсетуіміз қажет. Жедел көрсетілген көмек аурудың негізгі 80% аман алып қалуға көмектеседі.

Шымкенттік жедел жәрдем қызметкерлері жыл басынан бері 1100-ден аса жол көлік апатына шақырту түскенін айтады. Салдарынан 1400-ге жуық адам түрлі жарақатын алған. Ал одан бөлек жедел медициналық көмекке жүгінетіндер қаншама.

Гүлнар Құрманбекова, қалалық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері:

- Жалпы қалада 102 брига жұмыс істейді. Соның отызы дәрігерлік, жетпіс екісі фельдшерлік бригада. Күнделікті екі мыңға жуық шақырту түседі. Қазір қала халқы көбейіп келе жатыр. Соған байланысты бала туу көбейіп жатыр. Сәйкесінше біздің шақыртуымыз да көп.

Сайыс қатысушыларының шұғыл әрекетін арнайы сарапшылар бағамдап, кәсіби біліктілігіне баға берді. Медицина қызметкерлерінің мерекесіне орай ұйымдастырылған шараның жеңімпаздары республикалық жарысқа жолдама алды.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов