БҚО-да қыс айларында қарды ерітіп ішетін ауыл бар

Жазда қаталап, алты ай қыста қар ерітіп ішіп отырған ауылдар көп. Солардың бірі Батыс Қазақстан облысындағы Кіші Айдархан.

Бұл елді мекен тұрғындары тіршілік нәрін әлі күнге дейін аудан орталығынан тасиды. Қыста көлік жүрмей қалса, жұрт даладан қар болмаса өзеннің мұзын ойып әкеледі. Таяқ тастам жердегі көрші ауылға әлдеқашан су құбыры тартылған. Ал Кіші Айдархан тұрғындарын тыңдайтын құлақ жоқ.

Бексұлтан Бақтығалиев Кіші Айдархан елді мекенінде туып өскен. Мал шаруашылығымен айналысып отырған тұрғынның ауылдан кеткісі жоқ. Қараөзеннің жағалауы төрт түлікті түлетуге қолайлы. Алайда ауыз судың жоқтығы шаруаларды қынжылтады. Тіршілік нәрін аудан орталығынан сатып алады. Оның үстіне бағасы жылдан жылға қымбаттап барады. «Ал қыста жолдар жабылып қалса, жағдай тіптен қиын» дейді ол.

Бексұлтан Бақтығалиев, Кіші Айдархан ауылының тұрғыны:

- Айына екі рет құйдырамыз. Былтырлары судың бағасы 8 мыңнан болды бір водовозы. Қазіргі уақытта судың бағасы 13 мыңға дейін барды. Оны да айтқан уақытта әкелмейді. Бір жұма, екі жұма күтесің суды. Бір водовозың 4 тонна су ма, сондай. Қардың суын да, мұздың суын да ішкен уақыттар болды ғой талай. 

Ауылда 200-ден астам адам тұрады. Бастауыш мектебі мен медициналық пункт жұмыс істеп тұр. Отбасылардың күнделікті тұрмысы мал шаруашылығымен байланысты. Елді мекен көгілдір отынмен қамтылған. Тұрмыс сапасының жақсаруына енді ауыз су желісі ғана жетіспейді. Өзеннің арғы бетінде Қарасу ауылына әлдеқашан құбыр тартылды. Ал небәрі бірер шақырым қашықтықта жатқан Кіші Айдархандағы ағайын мұндай мүмкіндікке әлі қол жеткізе алмай жүр.

Жанұзақ Дүйсенбиев, Кіші Айдархан ауылының тұрғыны:

- Құдыққа екі үй бірлесіп, бірлесіп құйғызып аламыз енді. Қыста қардың суын ерітіп ішеміз. Нағыз етсе, мұзды ойып әкеліп ішеміз өзеннен. Жерден бұрын шығатын еді. Оны қазір қазғанмен шықпайды. Судың көзі тереңдеп кетті ма, білмеймін. Ауыз су енді үй-үйге тартпағанмен екі құдық қондырып берсе де көшеге деген талабымыз бар. 

Ақпарат алаңында есеп берген Жаңақала ауданының әкіміне бұл мәселеге қатысты сауал қойдық. Шенеуніктің айтуынша, Кіші Айдарханға су құбырын тарту жобасы қаржыға тіреліп тұр. Әйткенмен, тиісті жұмыстарды жүргізудің екінші әдісін қолдануға болатынын айтады.

Дархан Закарин, Жаңақала ауданының әкімі:

- 2020 жылы жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, сараптамадан өткізілген. Жобаның құны 399 млн. Бірақ қаржының тапшылығына байланысты, яғни бұл мәселе қолдау таппай отыр. Биыл енді өзіміздің бюджеттен алты айлықтың қорытындысымен қаржы қарап, қондырғы орнатқымыз келеді. Яғни әрбір үйге жеткізе алмасақ та ауыл орталығынан тұрғындарға сапалы ауыз суды тарататын орталық ашқымыз келіп отыр. Бұл да осы көп кешікпей шешімін табады деп ойлаймын.

Кешенді модульдік қондырғыларды Борық, Плантация, Үшкемпір ауылдарына да орнату жоспарланған. «Шағын елді мекендерді осындай әдіс арқылы сумен қамту экономикалық жағынан тиімді» дейді әкім.

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов