Фтизиатр дәрігерлердің жұмысы қиын әрі қызық

Бұл мамандық иелерінің әр күні, әр сағаты қауіп-қатерге толы. Себебі олар жұқпалы ауруға шалдыққан науқастармен тікелей, бетпе-бет жұмыс істейді.

Фтизиатр дәрігерлердің қызметі қиын әрі қызық. Ақ халаттылар бір мезетте 8-9 ауру түрін емдейді. Мұнымен ғана шектелмейді, құжаттарын реттеуге де уақыт табады.

Өскемендегі облыстық фтизиопульмонологиялық орталықта бүгін кезекті операция. Тәжірибелі хирург Болатбек Елшібеков туберкулезге шалдыққан науқастың өкпесінің бір бөлігін сылып тастауға әзірлік үстінде. Дәрігердің бар ойы пациенттің денсаулығына залал келтірмей, операцияны жедел әрі жеңіл өткізу. Сол үшін шағын инвазивті тәсілді таңдаған. Ал қарсы алдындағы адамның өздеріне дерт жұқтыруы мүмкін екендігін мүлде естен шығарғандай. Өйткені жұмыстары осы. 

Болатбек Елшібеков, облыстық фтизиопульмонология орталығы хирургия бөлімінің меңгерушісі:

- Біз өзімізді, туған-туыстарымызды, балаларымызды қатерге тігуіміз мүмкін. Бірақ соған қарамастан онымен де біреу күресуі керек ғой. Жұмыс істеу керек. Туберкулезбен тек кедейлер, жағдайы жоқ адамдар ауырады деп айтуға болмайды. Ол ауру таңдамайды, адам таңдамайды.

Әрине дәрігерлер бәріне бірдей қарауға тырысқанымен бәрінің бірдей көңілін табу оңай емес. Кейбір науқастар екі жылға дейін жатып, ем алады. Көпшілігі бұрын сотталған, есірткіге тәуелді болған, жұқпалы ауруға шалдыққан жандар. Әрқайсысының мінезі әртүрлі. 

Екатерина Агапитова, аға медбике:

- Оңай емес. Көңілдерін табуға, алдап-сулауға, жылы сөйлеуге тырысамыз. Бірақ оған да көнбейтін, мінезі қиын науқастар болады. Ондай жағдайда әріптестермен ақылдасып, бірлесе шешім қабылдаймыз.    

Кез келген дәрігер үшін пациенттен алғыс есту бір бақыт. Павел Кирьянов ақ халаттылардың арқасында аман жүргенін жасырмайды. Ол осы орталықта 2009 жылдан бері ем алып келеді. 

Павел Кирьянов, Өскемен қаласының тұрғыны:

- Олар маған қанша операция жасады. Өкпемді тесіп, суын сорды. Қазір де осында келіп тұрамын. Қашан келсең жылы қабақпен қарсы алады. Қалқайып аман жүргенім осы кісілердің еңбегінің нәтижесі.

Фтизиатрлардың жұмысы сан қырлы. Бір емес, бірнеше ауру түрін емдейді.  

Гүлжан Сейтахметова, облыстық фтизиопульмонология орталығының бөлім меңгерушісі:

- Мен өз әріптестерімді өте мақтан тұтамын. Өйткені олар фтизиатрия саласында қалған жоқ, ол кісілер 8-9 түрлі қиын ауруларды емдейді. Қант диабеті, онкология, ВИЧ инфекциясы, әртүрлі.

Әмбебап десе әмбебап. Олар науқастарды емдеумен ғана шектелмей, құжаты жоқтарының құжатын рәсімдеуге де көмектеседі. Ең бастысы, еткен еңбектері еш кетіп жатқан жоқ. Өткен жылы өңірде туберкулезден көз жұматындар саны 37 процентке азайыпты.

Азамат Қасым, Дмитрий Пыхтин