ШҚО-да айыппұлын төлемеген 225 жүргізушінің көлігі арнайы тұраққа қойылды

ШҚО-да айыппұлын төлемеген 225 жүргізушінің көлігі арнайы тұраққа қойылды

Шығыс Қазақстанда тәртіп сақшылары «Борышкер» жедел алдын алу шарасын жүргізді.

Үш күн ішінде полицейлер 29 млн теңгеден астам айыппұл өндірді. Сондай-ақ 225 борышкердің автокөлігі мамандандырылған тұраққа қойылған. «Шара барысында 1105 адам әкімшілік айыппұл бойынша берешегі бар екендігі туралы хабарланды. Тұрғындар арасында әкімшілік заңнама талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сот орындаушыларымен бірлесіп өткізілген рейд барысында пәтерлер мен жер үйлерді аралап, айыппұлды уақтылы төлеу қажеттігі түсіндірілді», – делінген ақпаратта. Мәселен, Өскемен қаласында 79 рет жол ережесін бұзған жүргізуші анықталған. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы – 1 600 000 теңге.