Маңғыстау облысында мемқызметшілерге айыппұл салынды

Маңғыстау облысында мемқызметшілерге айыппұл салынды

Маңғыстау облысында даладағы қалдықтар уақытылы тазаланбағаны үшін 7 мемлекеттік қызметші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ғарыштан бақылау арқылы Ақтау, Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы, Түпқараған аудандарында 100-ден астам стихиялық қалдық орыны анықталған. Осы уақытқа дейін 39-ы ғана тазартылған. Экология департаменті тарапынан Отпан және Құрық ауылдарының әкіміне, Ақтау қаласы әкімдігінің инспектор маманына, Басқұдық ауылының бас маманына, Сайын ауылы, Форт-Шевченко және Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасарына айыппұл салынған.

Руслан Төкенов, облыстық экология департаментінің басшысы:

- Барлық айыппұл сот арқылы өндірілді. Жалпы стихиялық қалдықтарды азайту мақсатында алдағы уақытта қоқысты тасымалдаушы мекемелер тізімін жасақтау, жергілікті полиция департаменті қызметкерлерімен бірлесіп рейд шараларын күшейту жұмыстары көзделіп отыр. Қоршаған ортаны ластағаны үшін биыл 60-қа жуық адамға хаттама толтырылды. Сонымен қатар iKomek платформасы секілді қалдықтардың орнын анықтау және жою үшін бірыңғай байланыс орталығын ашуды қарастырып отырмыз.