Шымкентте газ пайдаланушыларға тиісті мекемелермен шарт жасасу маңызы түсіндірілуде

Шымкентте газ пайдаланушыларға техникалық қызмет көрсетуші мекемелермен келісім-шарт жасасудың маңыздылығы түсіндіріліп жатыр. Бұл қауіпсіздік талаптарының басты қағидасы тосыннан келетін қауіпті алдын алуға көп көмегі тиеді. Қалалық әкімдікке қарасты құрылым қызметкерлері халық көп шоғырланған саябақтар мен демалыс орындарында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жадынамалар таратып жүр.

Апат айтып келмейді. Газдан улану жағдайын болдырмау үшін оның алдын алу маңызды. Өйткені улану оқиғаларының көбі тұрғындардың газ жабдығын пайдалануда қарапайым ережелерді сақтамағандығынан орын алады. Сондықтан жауапты басқармаға қарасты газ техникалық инспекциясының өкілдері күн де түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып жүр.

Асылжан Жанаев, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының бөлім басшысы:

- Газ жабдығының техникалық қауіпсіз жағдайда болуы міндеттелген. Және де аталған баптың 5-тармағында газ тұтынушы үйішілік газ жабдығын қызмет көрсетуші мекемелермен келісім-шартқа тұру керек.

Жадынамалар таратып, тікілей жауапты мамандармен кеңес ұйымдастыру ісіне еріктілер тобы да жұмылдырылған. 

Қаламқас Керімбай, қалалық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы:

- Қазіргі таңда біз халық көп шоғырланған орындар яғни сауда орталықтарында, осындай демалыс орындарында, саябақтарда осындай іс-шараларды жүргізудеміз. Тиімділігі өте көп. Себебі қолына алған жадынаманы жастар өздері оқыса үйлеріне де апарып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Тұрғындарға үлестірілген жадынама парақтарында газ жабдықтарының дұрыс жұмыс істеуін қадағалау қажеттігі ескертілген. Тіпті желдету каналдары мен мұржаның тартылуын жүйелі түрде тексеріп тұру керектігі көрсетілген. 

Темірхан Бұлтанов, қала тұрғыны:

- Мен оқыдым. Техникалық талаптар дұрыс таратылған. Ол өте қоғамға пайдалы деп ойлаймын. Газ тиімді бірақ қауіпсіздікті сақтамаса ол өте өмірге зиян.

Қарапайым қағиданы ұмыт қалдырудың соңы қайғылы оқиғаға әкеп соқтыруы мүмкін. Мамандар сақтансаң сау боласың дейді. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов