Түркістанда сот қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтті

Бүгін судьялар мен сот қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесін алғаш рет салтанатты түрде атап өтті. Себебі бұған дейін олардың жеке мерекесі  болмаған еді. Биыл Үкіметтің қаулысымен 24 маусым - «Судья және сот қызметкерлері күні» болып бекітілді. Осыған орай Түркістан облыстық соты да атаулы күнді ерекше форматта өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиынды ашқан облыстық соттың төрағасы Тұрысбек Мыятбеков «бұл мереке – төрелік алаңында еңбек етіп жүрген әріптестеріміздің еңбегін насихаттауға, үздіктердің еңбегін бағалауға жол ашатын ерекше мүмкіндік» екенін атап өтті. Салтанатта Президенттің Жарлығымен тағайындалған судьялар мен ашық конкурс негізінде қабылданған әкімшілік мемлекеттік қызметкерлер Ант қабылдады. Сонымен қатар, сот жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан судьялар мен сот қызметкерлері мерекелік медальдармен марапатталды.

Дина Бейсенбекова, Түркістан қаласы сотының судьясы:

- Мерекеге орай ҚР сот жүйесіне 30 жыл медальімен марапаттады. Өте қуаныштымын. Бұл біздің судьялар мен сот қызметкерлеріне өзінің жұмысын одан әрі адал жұмыс істеуіне септігін тигізеді. Барлық судьяларды, сот қызметкерлерін осы кәсіби мерекесімен құттықтаймын.

Базарбек Уәлиханов, сот саласының ардагері:

- Қара қылды қақ жарған болу керек судья, сот деген. Сот төрелігін жүзеге асыру үшін әділ болу керек. Шыншыл, халықты сыйлайтын, сүйетін болу керек. Өзінің елін, жұртын, мемлекетті сүйетін болу керек. Сонда ғана бізде әділдік орнайды. Бізде әділ сот жүйесі құрылса, шетелдік инвесторлар бірінші соған қарайды. «Осында келіп жұмыс істесек, қаржымызды салсақ, бұл елде қалай болады» деп соны ойлайды. Әртүрлі жағдай болады бизнесте, басқада да. Сонда сотқа жүгінеді бәрі.