Талдықорғандағы «Ұлан» ықшам ауданы ойын алаңдары әбден ескірген

Талдықорғандағы «Ұлан»  ықшам ауданының тұрғындары тоқсаныншы жылдарда қалып қойғандаймыз деп наразы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыс орталығында тұрсақ та, өркениеттен тыс қалдық дейді. Өйткені жол нашар, ауладағы ойын алаңдары әбден ескірген. Көшеде жарық жоқ, кеш батса, тасқараңғыда қалады. Тұрғындардың шағымын тыңдап қайтқан тілшіміз тарқатады. 

Ел аузында әскери қалашық атанып кеткен «Ұлан» ықшам ауданындағы ойын алаңының барлығы осындай. Әткеншектер тербетілген сайын шиқылдайды. Айналмасы да әрең қозғалады. Баласының амандығын ойлаған  ата-аналар аулада емес, жақын маңдағы «Жастар» саябағына барып серуендеуге тырысады.

Айхан Жанғабатова, қала тұрғыны:

-Тоқсаныншы жылдардағыдай нетіп тұр. Отыз жылда ешқандай изменения жоқ. Жүргіншілер жолымен де мәселе бар. Өте алмайсың.

Айтбала Сүлейменова, қала тұрғыны:

- Қанша орын тұр. Бір нормальный детский полщадька жоқ. Төртінші, бесінші  микрарайонға барамыз. Дворец школьниковқа барады. Песочницалар жоқ.

Тұрғындар үшін көше шамдарын орнатып, аулаларды жарықтандыру мәселесі де өзекті. Жолдың жағдайы да сын көтермейді.

Виталий Вастрицов, қала тұрғыны:  

- Жолдың быт шыты шығып жатыр. Жауын жауса балшық болып кетеді. Көліктер жүре алмай қалады. Бұл жаққа таксистер келгісі келмейді.

Галина Фоменко, қала тұрғыны:

- Бәрімізде көлік болғанымен бізде жол жоқ. Ойылып ойылып кеткен. Оны тегістеуге рұқсат бермейді. Жүре алмаймыз.

«Ұлан» ықшам ауданындағы үйлерде бұрын  әскери қызметкерлер тұратын. Сондықтан нысандар Қорғаныс министрлігінің меншігінде болған. Кейіннен пәтерлер жекешеленіп, сатылған соң қарапайым қала тұрғындары қоныстанды. Қазір олар қай құрылымға қарайтынын және қайда барып шағымданарын білмейді.

Ләйлә Оразбаева, қала тұрғыны:

- Акиматтамыз ба? Бізге соны шешіп беруді сұраймыз. Аналар бір біріне сілтейді. Кім біледі қай жаққа жататынымызды. Қай жаққа арызданамыз білмейміз оны.

2019 жылы аталған ықшам аудандағы тұрғын үйлер мен инфроқұрылымдық жүйелер әкімдік қарамағына өтіпті. Олар ескірген су және кәріз құбырын ауыстырып, аулаларды абаттандыру үшін құжаттарын жасап жатырмыз,-дейді.

Рамиль Рахымбаев, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

- Ұлан шағын ауданындағы аулаларды абаттандыру бойынша ЖСҚ әзірлеу бойынша жұмыстар аяқталды. Сараптама өтуге конкурс жариялау сатысында. Конкурстың оң қорытындысын алғаннан кейін құрылыс монтаж жұмыстарына қаражат сұралатын болады.

Жауаптылар ойын алаңдары келесі жылы жаңартылады деп отыр. Сол кезде аулаларға көше шамдары орнатылып, жолға да асфальт төселмек.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев