Елімізде зағиптарға қоғамдық көлік қолжетімді ме?

Иван Ткачев жанарының су қараңғылығына қарамастан, белсенді өмір салтын ұстанады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Радиожүргізуші болып жұмыс істейтін ол, кітапханаға барады, футбол ойнайды, спортпен айналысады. Үнемі қозғалыстағы Иван үшін күнде өзіне қажет қоғамдық көлікке міну шыңды бағындырумен тең.

Тиісті аялдамадан түсу қиын емес. Себебі аялдамалардың кезегі автобус ішінде құрылғы арқылы хабарланып тұрады. Ең қиыны қажет қоғамдық көлікке шатаспай міну. Себебі автобус пен троллейбустар сыртқа естілетін дыбыстық құралдармен жабдықталмаған. Жанары семген жандар тіпті, «Оңай» мобильді қосымшасы арқылы да қоғамдық көлік қозғалысын бақылай алмайды.

Иван Ткачев, Бірінші топтағы мүгедек:

- «Оңай» қосымшасының навигация қызметі көзі көрмейтін адамдарға қолжетімсіз. Себебі, қосымшаға дыбысталатын экрандық бағдарлама енгізілмеген. Біз мобильді құрылғыны тек осы бағдарламаның көмегімен ғана қолдана аламыз. Қоғамдық көліктің қозғалу реті дыбыстық үлгіде қолжетімсіз.

Көру қабілетінен айырылған адамдар дыбыстық қосымшаның көмегімен келе жатқан қоғамдық көлік туралы ақпарат алып, автобус кестесін біле алады.

Мақсұт Жұмабеков, Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана директорының орынбасары:

- Дыбыстық қызмет көрсететін мобильді қосымшаны жасау туралы біз бірнеше рет өтініш айттық. Бірақ құлақ асқан ешкім болмады. Шын мәнінде өте қажет нәрсе. Тіпті қосымшаны жасау қиындық тудырған жағдайда, қоғамдық көліктерге сыртқа естілетін дыбыстық құрылғы орнату керек.

Үкіметтік емес ұйымдар мен Қазақ зағиптар қоғамының «Оңай» көлік холдингіне дыбыстық нұсқауы бар қосымша әзірлеу туралы жазған өтініштері жауапсыз қалған.

Иван Ткачев, Бірінші топтағы мүгедек:

- «Оңай» көлік холдингі өздерінің қосымшасын дыбыстық қызметпен жетілдіруге құлықсыз. Қосымша, басқа бағдарлама жасаушылар үшін қолжетімсіз. Олар, холдингтің рұқсатынсыз, қосымшаны жетілдіре алмайды.

Осы мәселеге қатысты «Оңай көлік холдингіне» сұраныс хат жіберген болатынбыз. Баспасөз қызметінің ресми жауабында Қазақстанда зағип жандардың қажеттіліктеріне бейімделген толыққанды навигациялық қосымшалар жоқ екені айтылған. Бірақ, енгізу мүмкіндігін қарастыруда. Алайда, мәселенің қашан шешім табатыны белгісіз. Айта кетейік, қазір Қазақстанда 86 мың зағип адам тұрады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов