БҚО-да шаруашылыққа су жетпей жатыр

Батыс Қазақстан облысының шаруалары тіршілік нәрінен тарығып отыр. Бірлік ауылының іргесіндегі су қоймасы құрғап қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Балық шаруашылығымен айналысатын шаруалар шаш-етектен шығынға батып, суға жіберген шабақтар түгел қырылып қалған. Алайда мамандар су жоқ емес, бар дейді. Биыл көктемде аймақтағы су қоймаларының арнасы кемеріне келген.  

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

– Бір кездері балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған сулы, нулы жер еді бұл. Сол саялы мекеннің қазіргі сиқы осындай. Өкінішке қарай, мұндай жағдай аудан аумағындағы барлық су қоймаларына тән дейді шаруалар. 

Жаңақалалық  Қажымұхан Борашев қожалығына қарасты жердегі су қоймасын бірнеше жылға жалға алған. Мақсаты тауарлы балық шаруашылығын дамыту еді. Ол үшін Ресейден тұқы, ақ амур мен дөңмаңдайдың 100 мыңдаған шабағын әкелген. Онысы өсіп-өне бастаған соң көл басында қона жатып, тұнықтан балық аулайтындар қатары көбейген-ді. Бірақ соңғы бірнеше жыл бойы көлге су түспеді. Тіршілік нәрін жеткізетін арналарды арамшөп басқан. Қазір балық түгілі төрт түлікті асырау қиындап кетті, дейді шаруа.

Қажымұхан Борашев шаруа қожалығының жетекшісі:

– Каналды тазаламаса, бізге Үкіметтен көмек болмаса, біздің қолдан келетін шаруа емес ол деген. Көп көлемдегі су, канал ұзындығы оның іші толған шөп өскен. Барлық толып тұрған су өтпей тұр көпірлерден. Былай қарағанда «Қазсушар» суды ал деп тұр маған. Бірақ алатын суды қақпаны, жан-жақтың бәрін жауып осы Қоғалы көлін ашып қойып тұрмыз. Бірақ келіп жатқан су жоқ бұл жерге. Әлі күнге дейін бір тамшы су жоқ.

Осындай қиындықтарға қарамастан шаруа көлді жалға алу мерзімін тағы 10 жылға ұзартқан. Егер арнасы қайта толса, бастаған істі аяғына жеткізеріне сенімді.  Мынау каналдың көлге құяр тұсындағы құбыр. Бұл арадан су шапшып жатар күнді қорықшылар да асыға күтіп жүр. Өйткені...

Думан Қажымұханұлы, қорықшы:

Судың жоқтығы табиғатқа кері әсерін тигізіп жатыр. Су бар кезде құсы д, аңы да, балығы да болдыбәрі болды. Қазір дым да тіршілік жоқ. Не құс жоқ, не аң жоқ, не балық жоқ, бұрқыраған шаң болды ана жерде.

Ақылбек Төлепбергенов. шаруа қожалығының жетекшісі:

– Еділсорда 5-6 жыл болды су жоқ. Кеуіп жатыр. Тап осындай ғой. Еділсор деген енді кезінде бүкіл бір ауданды асырап тұрған су болды. Қазір енді ананы көрсең, жағдай мәз емес.

Жаңақала ауданындағы шаруашылықтар үшін Жайық-Көшім суғару-суландыру жүйесінің маңызы зор. Олар Киров, Бітік, Дөңгелек және Пятимар су қоймалары. Биыл Жайық суы екі мәрте көтерілді. Соның арқасында аталған су қоймаларына 200 миллион текше метр су жиналған.

Төлеген Ғұмаров, «Қазсушар» РМК БҚФ директорының орынбасары:

– Бүгінгі таңда мына Пятимар су қоймасынан келеді, Пятимар су қоймасы толып тұр. Сосын одан шығады да Сәңкібай магистральды каналы арқылы мына Қоғалы көліне барады. Бүгінгі таңда екінші ПС-2 дейді осыдан 12 шақырым жерден бастап экскаватор салдық. Қазір тазалап жатыр, шөп өсіп кеткен. Бір 20-25 күнде тазалап бітіреміз деген жоспарымыз бар. Сосын суды Қоғалыға береміз. Күзге шейін толтырып береміз, көлемі 3-4 миллион.

Қоғалы көліне тіршілік нәрі Дөңгелек су қоймасынан алынады. Бірақ әуелі каналдардың бойын тұтасқан қамыс пен арамшөптен тазарту керек. Қазір мамандар Көшім каналымен жететін судың кедергісіз ағуына күш салып жатыр. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы,  Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов