Атырауда COVID-19 жұқтырғандар көбейіп барады

Атырауда COVID-19 жұқтырғандар көбейіп барады

Коронавирус қайта өршіді. Кейінгі он күнде Атырауда 29 адамның жұқпалы дертке шалдыққаны анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның 22–і Атырау қаласында тіркелсе, 5 науқас «Теңіз» кенішінде және Құрманғазы мен Мақат аудандарында шыққан. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы сақтық шараларын күшейтуге көшті. Қазір 280 инфекциялық, 30 реанимациялық орын дайын. Дертке шалдыққан 14 науқас жұқпалы аурулар ауруханасында ем алып жатыр. Олардың жағдайы тәуір. Індет белгілері бар 15 адам оқшауланды. Амбулаториялық ем қабылдап жүргендерге мониторингтік бақылау күшейтілді.

Асхан Байдуәлиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Атырау облысында 29 науқас бар деп айтсақ, соның 8-і соңғы тәулікте анықталып отыр. Енді, әрине, ол науқастардың барлығы бақылауда болады. Ал симптомдары бар науқастарды ауруханаға жеткізуге мүмкіндік бар. Бүгінгі таңда 4 науқас модульді ауруханада жатыр. Жалпы, бізде дайындықтарымыз толықтай бар, дәрі-дәрмек те, орын төсек те, медициналық құрылғылар, адамдар дайын.