Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев 70 жасқа толды

Ауған соғысының ардагері мерейлі тойы туған жері Жамбыл өңірінде дүркіреп өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еңбек жолын қарапайым сарбаз болып бастап, генерал-лейтенатқа дейін өскен ерді елі ұлықтап барлық сән-салтанатпен қарсы алды. Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев – взвод командирінен корпус командиріне дейін жүріп өткен санаулы сарбаздардың бірі. Ауған соғысының шиеленісіп тұрған шағында нағыз жауынгерге тән мінез танытқан.Ол аумалы-төкпелі заманда еліміздің тыныштығы үшін тер төгіп әскери доктринаны нығайтуға үлес қосқан тұлға.

Әйгілі генералдың 70 жылдық мерей тойында жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру бағытында ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Қалалық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Жерлестері батырға қазақы дәстүрмен шапан кигізіп, облыс әкімі құттықтады.

Нұржан Нұржігітов, облыс әкімі:

Елі мен жерін сүйген. Діні мен тілін қастерлеген батырдың өткен жолы өскелең ұрпақты патриоттық рухқа тәрбиелеуге таптырмас дүние. Бар саналы ғұмырында елдің амандығы мен қоғамның тыныштығы жолына арнаған батыр ағамызды мерейлі 70 жасымен шын жүректен құттықтаймыз.

Батырдың тойы туған жері Жуалыда жалғасты. 91678 әскери бөлімінің жеке құрамымен кездесу өтті. Жуалыдан шыққан батырлар тақырыбында көрме ұйымдастырылып, аудандық мәдениет үйінде концерттік бағдарлама қойылды.

Әлімжан Ерниязов, ауған соғысының ардагері:

– Залда отырған бүгінгі әскерилерге де, ана жерде отырған ертең балалары армияға баратын солдаттардың аналарына да үлкен демеу. Үлкен тәрбие деп ойлаймын. Осындай кездесулер болып тұру керек.

Кіндік қаны тамған Ертай ауылына барып, ауылдастарымен жүздесті. Ауыл мешітінде құран бағышталды. Жерлестері сый-сыяпат жасап, генаралға ат мінгізді.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан