Бірқатар мемлекетте адам құқығына қол сұғылып жатыр – Тарик Ахмад

Лондонда дін немесе сенім бостандығының IV халықаралық конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлыбритания үкіметі ұйымдастырған шараның басты мақсаты – дінаралық диалогты насихаттау, сондай-ақ оған кедергі келтіретін кез келген әрекеттің алдын алу жолдарын ұсыну. Делегация мүшелері қатарында қазақстандық өкілдер де бар.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Халықаралық конференция 60 елдің 500-ден астам дін өкілдерінің, азаматтық қоғам белсенділерінің және үкімет мүшелерінің басын біріктірді. Делегаттар діни сенім бостандығына қатысты жаһандық мәселелерді талқылап, оларды шешудің оңтайлы жолдарын ұсынды.

Дін немесе сенім бостандығын насихаттау - Ұлыбританиядағы адам құқықтарын қорғау саласындағы бұрыннан келе жатқан үрдіс. Мұнда халықтың 60 проценті христиан дінін ұстанса, 26 проценті - атеист. Бұдан бөлек ислам, индуизм, сикхизм сияқты діндер де кең тараған. Мәдениеттер мен өркениеттер әралуандығына қарамастан, олар өзара тіл табысып, ынтымақтастықта өмір сүріп жатыр. Бірақ әлемдегі жағдай басқаша. Кейбір елдерде әлі күнге дейін адамдарды дініне қарай алалап, кемсіту тыйылар емес.

Тарик Ахмад, Ұлыбританияның адам құқықтары жөніндегі министрі:

- Дүние жүзінде бірқатар мемлекетте адам құқығына қол сұғылуда. Олар қудалауға ұшырап, тіпті өліп те кетіп жатыр. Мен әлемнің түкпір-түкпірінен осы конференцияға қатысуға келген делегаттарды дін немесе сенім бостандығы құқығын қорғауда бірлесіп әрекет етуге шақырамын.

Халықаралық конференцияға Қазақстан атынан қатысқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров еліміздегі діни бостандықты қорғау және насихаттау тәжірибесімен бөлісті. Азаматтық қоғамның рөлі артып, жастарды, әйелдерді, діни бірлестіктерді қолдаудың жаңа тетіктері қалыптасып жатқанын хабарлады. Адам құқықтарын қорғау басты орынға қойылатынын атап өтті. Күзде Қазақстанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінде қаралатын мәселелер тізімімен де таныстырды.

Асқар Омаров, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Біздің де тәжірибемізге кейбір қатысушылар қызығушылығын білдіріп жатыр. Себебі Қазақстанда қазір 18 конфессия жұмыс істеп тұр. Және олардың арасында татулық және жақсы қарым-қатынас болып тұр. Сондықтан Қазақстанның тәжірибесі де біздің шетелдік серіктестерімізге қызық болып тұр.

Дәстүрлі конференция бұған дейін АҚШ және Польша елдерінде өткізілгені белгілі. Ұлыбританияда алғаш рет ұйымдастырылған шарада жергілікті үкімет діни сенім бостандығын қамтамасыз ету үшін 500 000 стерлинг фунт бөлетіндігі туралы жария етті. Бұл қаражат ақпараттық науқандарды, қоғамдық бағдарламаларды қаржыландыруға және қақтығыстардың алдын алуға, сондай-ақ дін немесе сенім негізінде кемсітушілікке тап болған адамдарға тікелей көмек көрсетуге мүмкіндік бермек.

Ғалымжан Қараманұлы