Теңіздегі жарылыс: қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасына материалдық көмек көрсетіледі

Теңіздегі жарылыс: қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасына материалдық көмек көрсетіледі

Теңіз кен орнында тағы да жарылыс. Оқыс оқиға бүгін таңғы он шамасында болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі адам қаза тауып, тағы үшеуі түрлі жарақат алғаны белгілі болды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, онда атмосфералық газы бар құбырда гидросынақ жүргізілген. Салдарынан қысымға төтеп бере алмаған құбыр жарылған. Жарылыстың болғанын «Теңізшевройл» компаниясы растап отыр. Дәл қазір құзырлы органдар қылмыстық кодекстің 156-бабы 3 бөлімімен тергеу амалдарын бастады. Кен орнындағы жұмыс толық тоқтатылған.

Асхан Байдуәлиев, Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Үшінші зардап шегуші «Теңізшевройл» ЖШС-не қарасты ұшақпен облыстық ауруханаға жеткізілді. Науқасқа қазіргі таңда дәрігерлер сараптама жүргізіп жатыр. Төртінші жарақат алған жұмысшы Жылой аудандық ауруанаға жеткізілді. Ол жамбас тұсынан жабық жарақат алған. Оның жағдайы орташа тұрақты. Бесінші зардап шегушіге кен орнындағы «ТШО клиникасы» медициналық мекемесінің қызметкерлері психологиялық көмек көрсетіп жатыр.

Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына материалдық көмек көрсетіледі. Бұл туралы Теңіз кен орнындағы апатты жағдайға байланысты өткен шұғыл жиында айтылды. Өңір басшысы Серік Шәпкенов қаза болған жұмыскерлердің жақындарына көңіл айтты. Апаттың себеп-салдарын анықтау үшін жергілікті деңгейде арнайы комиссия құрылады деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі. «Теңізшевройл» кәсіпорны да марқұмдардың отбасына қайғырып, көңіл айтты.