Алматы әкімі елордада есеп берді

Қаңтар оқиғасында зардап шеккен Алматыдағы кәсіпкерлер түгел дерлік жұмысын қалпына келтірді. 1600-ге жуық кәсіпкердің өтінімі мақұлданды. Келтірілген шығынның орнын толтыру үшін 14,5 млрд теңге қарастырылған. Бүгін елордаға келіп есеп берген қала әкімі Ерболат Досаев осылай деді.

Шаһар басшысының айтуынша, 1 жылда шағын және орта бизнес субьектілерінің саны 20 процентке артқан. Яғни 230 мыңнан асады.

Жыл басынан бері Алматы қаласында 16 мыңнан аса жұмыс орны ашылды. 54 балабақша пайдалануға берілді. 4 перзентхана мен 2 балалар ауруханасы заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз етілді. Пандемия кезінде ақ халаттылардың тапшылығы өткір сезілген еді. Олқылықты жою үшін 240 дәрігер мен мың медбике қайта даярлықтан өтіп жатыр.

Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:

- Өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік, байланыс қызметтері экономиканың өсу драйверлеріне айналды. Жоғары инвестициялық белсенділік те байқалады. Жыл басынан бері негізгі капиталға салынатын инвестициялар 21 проценттен астам өсті.

Ерболат Досаев атқарылған шараларды жіпке тізіп қана қоймай, қалтаны қаққан қымбатшылық жайын бүкпесіз баяндады.

Қазір әкімдік шарықтап кеткен азық-түлік бағасын тежеу үшін шаралар қабылдауда. Мәселен, шекті бағамен саудалауға 6,5 мың тонна қант сатып алынды.  32 мың тонна астық қамбаға құйылды. Жемістер мен көкөністерді тікелей делдалсыз жеткізу қолға алынды.

Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:

- Ең көп өскені қант, пияз, нан, сүт бағасы. Оларды тұтыну бағасы индексінің үлесі 2,2 % құрап отыр. Дегенмен, жұмыртқа бағасының төмендеуі мен сиыр еті, сары май мен тұз бағасының шамалы өсуі байқалады.

Ал қаланы кептелістен құтқару үшін салынып жатқан 3 жолайрық құрылысы биыл аяқталуы тиіс.

Назерке Әбдірахманқызы