Таразда қаланың қақ ортасы нашақорлардың ордасына айналды

  Мәселе Жамбыл даңғылы мен Бөлтірік шешен көшесінің арасында бос жатқан жекеменшік жер телімінде. Даңғылға қараған беті кафе, түнгі сауық орындары, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал бергі тұрғындар тұратын бетінің сыйқы мынадай. Ескі ғимаратты қожайындары бұзып керегін алған соң аяғына дейін бітірмей тастап кеткен. Ашық-шашық тұрған нысанның іші есірткі қалдықтары, күл-қоқыс пен өлекселерге толып кеткен. Үзілген электр желісі төңіректегі тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп тұр.

- Бәле болды. Не істерімізді білмейміз. Мынаны айра-жара қылып бұзып тастады, енді не бітірмейді. Бұзып кетпейді...

- Мынадай-мынадай қыздарымыз бар. Балаларымыз бар. Қазір көріп отырсыздар телевизордан. Барлық бәлінің бәрі шығып жатыр.

Әсет Әлімбеков, қала тұрғыны:

- Балаларымыздың шыққысы келеді кішкентай балалардың. Үйдің айналасының бәрі шприц қаптап жатқан. Түн ортасында неғып тұрсың деп айта алмаймыз. Бәлеге қаламыз. Өзімізді бір-ақ ұрады. 

Шолпан Сатымбекова, қала тұрғыны:

- Қорқынышты. Іші жаман. Түнімен балалар, қыздар отырған соң не істемейді. Өзің ойлашы? Темекі тартады. Арақ ішеді. Пивосын ішіп өлеңін айтып, биін билеп ары қара шығып кетеді.

Жергілікті тұрғындар қуыс-қуыс нысанның кесірінен талай сұмдықтың куәсі болдық деп отыр. Көргендері төбелес. Ұрлық-қарлық көбейген. Олар қаңтар оқиғасы кезінде жоғалған қару-жарақ, жарылғыш заттар осы жерге жасырылған ба деп те қауіптенеді.

Айман Өзбекбаева, қала тұрғыны:

- Келеді суретке түсіріп кетеді. Суретке түсіріп кетеді. Не істеп жүрсіздер? Анау қаңтар оқиғасынан кейінгі болған жағдайдан кейін біз қару-жарақ іздеп жүрміз. Демек күдікті нәрсе бар. Онда құртсын бұзып бұл нысанды.

Қазір есірткі тасмалдап, сатушылар наша жасыратын болған.  Тұрғындар қылмыс үстінде көріп қалып, ұялы телефонға түсіріп алған жағдайда да болыпты. Байқап қойған белгісіз біреулер қорқытып қоқан-лоқы көрсеткен. Енді жұрт бала-шағасының өміріне қауіптеніп үрейде отыр.

- Осы жер. Түсіріп үйге заборға жүгіріп кірген ғой. Олар қуған ғой артынан. Сені ұстап аламыз деп. Сөйтіп ол камерасын өшірмеген. Ауланың есігін жауып үлгерген. Аналар машинасын сүйреп машинаның нөмірі түспеу керек қой. Өздері де түспеу керек. Тез-тез мініп қашып кеткен бәрі.

Айқай-шудан кейін келген учаскелік полицей мардымды жауап бермеді. Жергілікті тұрғындар қазылған жерді көрсетіп жатып сендірді. Бірақ учаскелік инспектор болған жайға онша таңданбады.

- Анау күні келіп қазған.

-Мынаны жапқан мен. Мынаны да, мынаны да өзім жаптым.

- Бұл жер туралы білуші ме едіңіз? Не бар бұл жерде? Бұған дейін деректер болып пе ді? Болған емес. Әрі қарай не істейсіздер? Қалай шешесіздер?

- Жұмыс істейміз.

Жұрт у-шу боп жатқанда қаланың бас сәулетшісі келді. Тұрғындар шенеунікті ортаға алып көрген қорлықтары мен шағым-талаптарын жайып салды.

Алмасбек Бөбеев, қалалық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

- Бұл жекеменшіктегі жер. Уақытысында приватизациямен алған. Мынаны толық жауып таста дедім. Жауып тастайды. Есік терезесінің бәрін. Мынаны алып кірпішпен ба жауып береді сіздерге.

- Ал жауып қойдыңыздар. Кім кепіл мына жақпен секіріп түспейтініне?.. Кірпішпен жабылды. Мына қуыстың бәрі.  Жағдайын қараңыздаршы! Екі жылда қандай болды?  Әлі секіріп түсіп жатыр. Ішінде күзет бар дейді ғой? Қайда күзет? Қайдан көріп тұрсыз? Ешқандай күзет жоқ. Түнде келіп көрдіңіздер ме? Қашқан-пұшқанның бәрі осы жерде жүреді.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұл жер «Ертек» деген жауапкершілігі шектеулі серіктестікке тиесілі екендігі белгілі болды. Кезінде механикалық түрлі техникаларды жөндеу орны болған көрінеді. Қожайыны бұл жерге жуырда ешнәрсе салатын ойы жоқ.  Ал тұрғындар қираған ғимаратты бұзып ашық алаң жасап беруді талап етіп отыр.

- Алаң қыла алмайды. Бұл ТОО-ға тиесілі, жекеменшік жер телімі. Сатып алған адамға неге талап етпейсіздер? Талап ету керек қой. Міндетті ғой олар.  Талап етілді.

Бас сәулетші сұрақ пен талаптың астында қалды.  Жұрттың айқайына шыдамаған соң төңіректі қарағансып көлігіне отырып тайып тұрды. Қаланың келбетін сақтау, адам өмірінің қауіпсіздігі сияқты маңызды қағидалар  жекеменшік иелеріне жүрмейтін секілді. Айналып келгенде «Ертек» жауапкершілігіне қатысты мәселенің шешімі «ертек» күйінде қалатын түрі бар. Кәсіпкер бұл жерге ештеңе салмайды. Ал әкімдік жекеменшікке қол сұға алмайды. Нақты мына күні шешіледі деп кесіп те айтылмады.  Бас сәулетшінің сөзінен осыны ұқтық. Түптеп келгенде азабын тұрғындар тарта бермек.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Бақытжан Бапаев