Мойнақтан шыққан миллионер – Жетісу облысы

Миллионер Қажекенұлы Мойнақ ауылының іргесіндегі өзінің шағын шаруашылығында төрт-түліктің бәрін өсіреді. 30 жыл бұрын Моңғолиядан ата-жұртқа қоныс аударған қандасымыз өз ісін 2 бие сауып, 10 шақты ұсақ мал ұстаудан бастапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде оның шаруашылығында 100 шақты жылқы, 50 сиыр, 30 түйе, 400-дей қой-ешкі бар. «Бала күнімнен көріп-өскенім мал шаруашылығы болды. 1991 жылы Ұлан-Батыр іргесінен Қазақстанға қоныс аударғаннан кейін ауылдан ауылға көшіп-қонумен біраз уақытымды өткізіп алдым. 2000 жылы бұлайша қол қусырып қарап отырғаным жөн болмас деп, Мойнаққа келіп, осы істі бастап кеттім. Қасиетті Қараталдың жағасы бізге құтты қоныс болды», - дейді шаруа.

Миллионер Қажекенұлы, шаруа қожалық басшысы:

- Негізі сол үкіметтің берген 1 тайынан бастадым ғой. Соны өсіріп, жаңағы жылқының саны 100-ге жетті. Ал түйе дегеніңіз жаңағы сол жылқыны беріп, айырбастап, сатып алып, содан орнаған зат, көрдіңіз бе?.. Қараталдың жағасы малға жақсы. Судан қиналмаймыз, үлкен өзен ағып жатыр ғой.

Миллионер ағамыздың зайыбы Майра Саясиқызы қымыз, шұбат сатып, үйінде сиыр сүтін өңдеумен айналысады. Қазір бұл ұлттық сусындарға деген сұраныс өте жоғары. Шаруашылық пандемия жағдайында тұрғындарға қымыз бен шұбатты тегін таратты. Өңірдегі емханалар мен ауруханаларға да апта сайын жеткізіп тұрды. Қазір саудалайды. Бағасы базардағыдан 20-30 пайызға арзан.

Майра Саясиқызы, шаруа қожалықтың іс басқарушысы:

- Сұраныс деген біз әлгі машинаға салып алып, базарға барып тұрмаймыз. Ондай жоқ, бізден үйімізден әкетеді, кезек. Ірімшік жасап бер дейді, құрт жасап бер дейді. Сүзбе жасап бер дейді, қатық дейді май дейді, шұбат дейді, қымыз дейді. Келген адамдардың талғамына қарай тамағымызды дәмді қылып, таза қылып дайындап береміз.

Қазақтың ұлттық сусыны қымыз бен шұбат мың да бір ауруға ем. Оны өкпе және онкологиялық ауруға шалдыққан науқастар үшін көптеп сатып алады. Бөртпені жоюға да жақсы көмектеседі. Миллионер аға мен Майра апай үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Екеуінің 7 немересі бар. Ұл-қыздары мал шаруашылығының қыр-сырын өте жақсы біледі. Бүгінде ата-анасы бастап берген ата кәсіпті дөңгелетіп отырған да сол ұлдары мен келіндері.

Миллионер Қажекенұлы, шаруа қожалық басшысы:

- Бұл енді екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мал шаруашылығының жұмысы деген қиын. Оны білетін адам біледі. Үкіметке қол жаймай, өз тапқан таянғанымызбен бірді екеу қылып, екеуді үшеу қылып өсіріп, осындай тіршілікке жетіп жатырмыз. 

Мал шаруашылығында көмекшісіз іс бітпейді. Қожалық малшы ұстап, жергілікті тұрғындарды да жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Кенжекерей Мұғражұлы, малшы:

- Көмектесіп, қой бағып жүрмін. Жалақымды береді. 180 мың алам. Пенсионный фондым бәрі жүріп жатыр, бәрі жақсы. Мында қазір төрт жүздей қойым бар қозы-мозысымен.

Мойнақтан шыққан миллионер ағамыз «Еңбектің наны тәтті» болатынын балалары мен немерелеріне үнемі айтып отырады. Ауыл іргесінде базы мен 500 гектар жайылымдық жері бар. Оны бар тапқан-таянғанын жиыстырып, 20 миллион теңгеге сатып алыпты. Техникасы да сақадай сай. Шаруа бүгінде малын жайлауға айдайтын деңгейге жеткен. Ардабек есімді ұлы Текелінің тауында жылқы бағады. «Менің ісімді жалғастырып, мынау қара шаңыраққа тұтқа болып отырған да осы ұл-қыздарым. Ұрпағыңның саналы, еңбекқор болып өсіп, азамат атанғанын көрудің өзі бір бақыт. Қазақстан халқын қасиетті Құрбан Айт мерекесімен құттықтаймын!» - дейді Миллионер ағамыз.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев