Шымкентте шағын аудан тұрғындары газсыз отыр

Шымкентте «Жұлдыз» шағын ауданының халқы көгілдір отынға зәру. Себебі жауаптылар тозығы жеткен құбырды бір ай бұрын жаңалаймыз деп, ақыры істі аяқсыз қалдырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті жаңғырту жұмыстарына тұрғындар өздері қаржы жинап берген. Бірақ халық әлі игілігін көрмеді. «Жұлдыз» шағын ауданындағы Абай көшесінің тұрғындары күнде таңертең от жағады. Себебі ас дайындап, шәй қайнатады. Халықтың көріп отырған  күні осы. 

Қатира Абдрурассулова, қала тұрғыны:

Міне, көрген күніміз осы, газ жоқ. Мына қара қазанға ауқат істеп жатырмыз. Күн ыстық. Не шомыла алмаймыз. Не жылы су жоқ. Намаз оқитын едік, намазда оқи алмай қалдық. Ауқат істейміз. Мына самауырға шәй қоямыз. Осылай тіршілік қылып жатырмыз.

Осыдан бір ай бұрын ғана тұрғындар табиғи газды пайдаланған Бірақ жауаптылар құбырдың әбден тозғанын айтыпты. Артынша оны жаңалау үшін халық қаржы жинап берген. Дегенмен көгілдір отын әлі жоқ.

Белгілі болғаны қызмет көрсетумен жеке компания айналысқан. Бірақ ол тозығы жеткен құбырларды ауыстырудан бас тартыпты.  

Александр Малахов, Шымкент қаласы Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары:

– Жауаптылар мердігер ұйымды халық есебінен жалдады. Бұл дұрыс емес. Барлық шаруаны «Орион» серіктестігі жүргізуі тиіс болатын. Компанияға көрсеткен қызметі үшін тұрғындар екі жыл уақытылы төлем жасамаған. Сондықтан оның жетекшісі де қазір шартты сақтамай отыр.

Халық қызмет үшін төлем жасап тұрғандарын айтады. Алайда ешқайсысында түбіртек болмай шықты. Ал жаңа компания бұл учаскедегі құбырларды жуып-шаю жұмыстарынан кейін ғана балансқа алатындығын жеткізді. Егерде құбырда ақау табылса, тұрғындарға әлі бірталай уақыт от жаға тұруына тура келеді. 

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Катерина Попкова, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов