Таразда 80 отбасы баспаналы болды

Көппәтерлі тұрғын үйдің табалдырығын бірінші болып ұзақ жылдан бері кезекте тұрған отбасылар аттады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұрт қоныс тойын тойлап шашу шашылды. Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған тұрғын үйлер 15-ықшам ауданнан берілді. Пәтер кілттері алғаш болып көп балалы, аз қамтылған отбасыларға берілді. Қоныс тойын тойлағандардың қатарында Айгүл Темірғалиева да бар. Көп балалы ана кезегін 13 жыл күткен. Оған дейін 6 баласымен пәтер жалдап амалдап келіпті. Бүгін бұл отбасыға 3 бөлмелі пәтер кілті табыс етілді. 

Айгүл Темірғалиева, қала тұрғыны:

– Пәтерден пәтерге көшіп 5-6 тұрдық осы уақытқа дейін. Үйреніп қалдық. Осы ауданда тұрып жатқанбыз жалдап. Бір жыл болды. Өте керемет! Жап-жаңа үй. Үш бөлмелі. Үшінші қабаттан алдық. Өзім сияқты бүгін пәтерге қол жеткізіп жатқан отбасыларға құтты болсын қоныстары.

Дәл осындай пәтерлер жетім, әлеуметтік қорғалатын топтағы және мемлекетік қызметшілерге де бұйырды. Сонымен қатар Байзақтағы әскери бөлімде болған жарылыс пен қаңтар оқиғасы кезінде мерт болған азаматтардың отбасыларына да пәтер берілді.  

Қайрат Исмаил, қала әкімінің міндетін атқарушы:

– Ағымдағы жылы қала аумағында 42 тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп, жылдың қорытындысымен 2820 пәтерлі үйдің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. үгінде 420 пәтерлі 6 үйдің құрылыс жұмыстары аяқталып пайдалануға берілді.

Жалпы соңғы үш жылда қала аумағында 4800-ден астам пәтер берілген. Оның 3267-і мемлекеттік бағдарламалар арқылы болса, 1544 пәтер кезекте тұрған тұлғалаларға үлестірілген.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев