БҚО-да қаңғыбас иттер малға шапты

Батыс Қазақстан облысының Щапов ауылында қорадағы малға ит шауып, біраз қой-ешкі шығын болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Редакциямызға хабарласқан шаруалар мұндай оқиғаның жиілеп кеткенін айтады. Әкімдікке  шағымданған. Алайда олар ешқандай шара қолданбапты. Тұрғындар иттерді ата алмайды. Оған заң кедергі. Малынан айырылған жұрт не істерге білмейді.  Шаруа Гамлет Насибуллин қорадағы малын күзетіп жүр. Өйтпеске амалы қалмаған. Қаңғыбас иттер екі күн қатарынан қой-ешкіні талап кетіпті. Үш бас мал өлген. Төртеуі жаралы күйде тұр. Мына қошақан таланып қалды. Кеше талап тастаған. Байғұс шөп жей алмайды. Фермер ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, тұрғындарға сатып отыр. Отбасының тұрақты табысы осы. Қысы-жазы бейнеттеніп баққан малы енді иттерге жем болып жатқаны қынжылтады. 

Гамлет Насибуллин, шаруа:

30 бас ірі қарам бар, 60 шақты қойым бар, ешкісі бәрін қосқанда. Кезінде сол 4 қой сатып алып, сонымен көбейткен едім барлығын. Сататын малыңды жеп қойды ит. Не істейсің сонда? Ит атсаң, оның да айыппұлы аз емес, көп. Қарасаң, бір-екі қойыңның ақшасы айыппұлдан аздау. Сонда бұғып қалып, үндемей отырасың ба? Бұл ит деген көрдің ба, тимегесін ертең тағы шабады ол. Мен енді қорада қонбаймын ғой итті бағамын деп.

Қаңғыбас иттер ауылдағы үй құстарын да қырып тастаған. Тұрғындар әкімге талай мәрте шағымданып барғанымен әзірге ешқандай шара қолданылмапты. Ауылдық округ әкімдігінің ғимаратына біз де бардық. Алайда жабық тұр. Ал ұялы байланысқа шыққан әкім ауылда емес екенін айтты. 

Біржан Нұрбаиров, Щапов ауылдық округінің әкімі:

– Учаскелік инспектор мен мал дәрігері оқиға орын алған жерге барып, сөйлесілді. Округ бойынша жыл басынан бері 74 ит ауланған болатын. Щапов ауылы ОралАтырау тас жолының бойында орналасқандықтан трассадан өтіп бара жатқан жолаушылар ауылдың тұсына күшіктерді көптеп тастап кетіп жатады. Сол себептен иесіз иттер саны көбеюде. Қазіргі уақытта 40 ит чиптелді. Қаңғыбас иттер чиптелмейді. Оларды аулаймыз енді. Кеше мысалы, кеште шықты, атылды 8 иттей.

Ал аудандық ветеринария станциясы директорының берген мәліметінде сандар басқаша сөйлейді. 

Әсет Әубекеров, Бәйтерек аудандық ветеринария станциясының директоры:

– Бұралқы, зияны келіп жүр деген иттерді кеше соңғыда жігіттер 5 ит көрдік деді, 2 ит атып алдық деді. Комиссия құрамына кіргізіп жатса, кіреміз. Бірақ комиссияны құратын менде құзірет жоқ.

Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың кебі бұл. Арнайы комиссия құруға қатысты сауалды кейін аудан әкімдігіне де жолдадық. Ішкі саясат бөлімінің өкілдері жұмыс тобы құрылмайтынын мәлімдеді. Шаруа шығынын өтеу үшін алдымен сотқа жүгінуі тиіс дейді олар. Демек тұрғындарға түнде қорасын қаңғыбас иттерден күзетіп, күндіз соттың табалдырығын тоздыруына тура келеді.  

Ауыл түгілі қаланың қақ ортасында қаңғыбас ит толып жүр. Мамандар жыл сайын 2,5 мың ит-мысықты ұрықсыздандырады екен. Қазір сол меженің шамамен 60%-і орындалған. Тұрғындардан шағым түссе ғана жануарларды атуға болады.  

Ғаділбек Әділбеков, қалалық ветеринария станциясының директоры:

– Күніне 20-25 шағым түседі телефон арқылы. Екіншісі, жазбаша түрде. Биылғы жылға 837 ит жойылды, ит-мысығы бар ішінде. 1444 бас ит-мысық биозалалсыздандырудан өтіп, кері мекендеу орындарына шығарылған болатын. Ол иттердің бәрі қала көшелерінде жүр. Бұл бағдарламаның нәтижесі 7-8 жылдан кейін белгілі болады. Биозалалсыздандырудан өткен иттер өзінің жасы жетіп, өлген кезде сол кезде азаяды саны. Олар тұқым бермейді, сол себептен.

Биыл қаңғыбас ит-мысықты аулау және жою жұмыстарына 9 млн теңге бөлінген. Ал ұрықсыздандыру шараларына 17 млн теңге бағытталған. Алғашқы міндетті ветеринария станциясы, ал кейінгісін агроуниверситет мамандары атқарып жатыр. 

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов