Тараздың «Қазфосфат» зауытындағы жағдай тұрақталды

Тараздағы «Қазфосфат» зауытында болған жағдай тұрақталды. Оқыс оқиға туралы  зауыт басшылығы ресми мәлімдеме жасады.

Ақпаратқа сүйенсек, күкірт қышқылы цехында абсорбердің моногидридті сорғысы істен шыққан.

Салдарынан түтіндік газ ауаға тараған. Зауыт қызметкерлерінің жедел қимылының арқасында төтенше жағдай шұғыл тиылды. Кәсіпорын басшылығы минералды тыңайтқыштар зауыты мен қаланың санитарлық шекарасында ауаны өлшеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде атмосферада азот секілді басқа заттардың көбеюі анықталмаған. Сондай-ақ экология департаменті жүргізген зерттеу өндіріс қалдықтары құрамында  химиялық заттардың шекті рұқсат етілген мөлшерден аспағанын көрсеткен. Қазіргі таңда зауыт қалыпты жұмысын жалғастыруда. Қалада экологиялық жағдай тұрақталды. Орын алған жағдай салдарынан зардап шеккендер жоқ.