Оңтүстіктен теріскейге келгендер қолдауға ие

Шиеліден Шиліге қоныс аударғандардың бірі – Қалендеровтер жанұясы. Отағасы Мұхтар бұған дейін Сыр елінде жұмыс таппай, әбден қиналғанын айтады. Енді Тобыл өңірінде тұрақты еңбекақы алады. Мектепті күзетеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Одан қалды қорасы малға толы.

Мұхтар Қалендеров, Шилі ауылының тұрғыны:

- Қызылорда қара суық болса, бұл жақта қар. Кәдімгі аяз. Былай жақсы. Үйрендік, келдік. Бала-шаға да үйренді қазір. Қайтіп көшеміз ба десем? Жоқ, дейді бала-шаға. Қазір енді үш қашар, үш бұзауым бар. Алтау ғой былайша. Шүкір. Екі сиырымды сауып отырмын.

Сырттан адам тартып, оларға жағдай жасау - жергілікті тұрғындардың бастамасы. Шиліге келгендер жұмыспен қамтылып қоймай, бес бас ірі қара, екі жылдық шөп қорын тегін алады. Әлеуметтік желілерге тараған осындай хабарламаға екі мыңға жуық адам қызығушылық білдіріпті. Іріктеу кезінде мұғалім, дәрігер мамандарына басымдық берілмек. 

Ербол Досмағанбетов, Шилі ауылдық округінің әкімі:

- Қазақстанның барлық жерінен. Көпбалалы отбасылар жағдайларын түсіндіріп айтады бізге. Көбі жалдамалы пәтерде тұрады. Осылай бізді алып кетіңіздер шамаларыңыз келгенше. Барғаннан кейін тіршілік жасаймыз. Қазіргі таңда екі отбасымен нақты сөйлесіп отырмыз алып келеміз деп. Ол кісілердің жүгін тегіс көшіріп алып келу үшін КАМАЗ техникасын, үйдегі адамдарды салып келу үшін жеңіл көлік бәрін қалтамыздан шығарамыз.

Ауыл халқы он бір жылдық мектептің мәртебесін сақтап қалуға ниетті. Қазір Шилідегі білім ұясында 69 бала бар. Ал талап бойынша 81 оқушы болуы тиіс. Ал көрші Милісайда бала саны бұдан да аз. 

Ахат Әбілғазин, Шилі ауылының тұрғыны:

- Келешекте он бір жылдық мектеп жабылып қалатын түрі бар. Биыл 4 бала бітірді. Былтыр 8 бала. Егер жабылса, 9 жылдық боп қалуы мүмкін.

Оңтүстіктегі жылы қонысын қиып, теріскейге ат басын тірегендерге дайын баспана да беріледі. Тұрғындар қаңырап бос қалған үйлерді жұмыла өз күшімен қалпына келтіріп жатыр.

Есім Теміржанұлы, Шилі ауылының тұрғыны:

Тағы да басқа үйлерді жөндейміз. Тағы да үйлерді дайындап жатырық. Сырттағы азаматтар тағы да ақшасын қосылып жиналып жатырық.  Шамадан миллиондай жиналып тұр. Оның алдында да жинағанбыз екі-үш миллиондай жинап оған отбасыларды көшіріп әкелгенбіз. Екі отбасы келді. Негізі төртеу келіп еді. Екеуі көшіп кетті белгілі себептермен.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Алдағы күзде ауылға оңтүстік өңірлерден бес отбасы келеді деп жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде олардың баспаналары сақадай сай етіп дайындалып жатыр. Мысалы бір үйдің сыртын сылап, әктеу үшін орташа есеппен 200 мың теңге кетеді екен. 

Алайда Шиліге жетудің өзі қиямет-қайым. Аудан орталығынан 110 шақырым жолдың сапасы сын көтермейді. Жеті баласымен Милісайға көшіп келген Парванэ Байрамова ұялы байланыс пен интернеттің жоғына алаңдаулы.

Парванэ Байрамова, Милісай ауылының тұрғыны:

- Жол қиын, байланыс жоқ. Машина ауданға барса, сынып қалады. Машина болмай қалады. Бізге сол жағынан көмектессе жақсы болар еді. Қызылордада бар туыстарым қалды. Байланысқа шығу үшін ауданға баруым керек.

Айдаралы Талпақов, Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары:

- Интернетке басқармаларға хат жазып отырмыз. Оны күшейту жөнінде. Жақында жауап келеді. Біз соларға интернет желісін тартамыз. Енді жол жөнінде айтатын болсақ,  шақырым көлемі жер боп кеткен ғой грейдердің. шақырымдай көлемінде көтеру керек жолын. Сол кезде дұрысталады. Соңғы 3-4 жыл болды тоқтап қалды. Олар жыл сайын әп-әдемі 2-3 шақырымнан қосып келді. Қаражат сондай болған шығар. Одан соң пандемия боп кетті. Содан кейін тоқтап қалды.         

Биыл Шымкенттен ірі инвестордың келуімен жол мәселесі шешіліп қалар деген үмітте аудандық әкімдік. Шилі бағытында 20 млрд теңгеге тең мал бордақылау алаңы мен егістік алқаптары пайда болады деген жоспар бар.