Шілдеде 38 мың тонна қант өндіріледі

Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдардың тұрақтандыру қорлары төмен бағамен қант сатуды жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алыпсатарлардың спекуляциялық әрекетін тыю үшін облыстардың сауда желілері белгілі бір мөлшерде халыққа өнімін сатуға шектеу қойғаны рас. Тұрақтандыру қорлары сататын құмшекерге жоғары сұраныс бары жасырын емес. Бірақ қант барлық базар мен басқа да сауда орындарында нарықтық бағамен еркін сатылып жатыр. Отандық зауыттарда шекер өндірісі еш тоқтаған емес. Мәселен, маусым айында 38 мың тонна қант өндірілген.

Дамир Аспан, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы:

– Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша республикада қант қоры 26 мың тоннаны құрайды. Сонымен қатар азық-түлік корпорациясы акционерлік қоғамы ішкі нарыққа қант жеткізумен айналысады. Министрлік өңірлерге қант жеткізуді жедел ұйымдастыру мақсатында мүдделі тараптармен бірлесіп, Қазақстан аумағы бойынша теміржол көлігімен жүктердің кедергісіз қозғалысын жүзеге асырады.