Алакөлге ұшақ қашан қатынайды – Абай облысы

Алакөлге ұшақ қашан қатынайды – Абай облысы

Осыдан бір ай бұрын Абай облысы Үржар ауданындағы әуежайдағы құрылыс жұмыстары аяқталып, Алакөлге ұшақтар қатынай бастайды делінген болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әуелі маусым деді, сосын шілде деді. Міне, шілденің ортасына да ауып барады. Айтылған уәде орындалмады. Құрылыстың аяқталар түрі көрінбейді. Бұл әсіресе туристерге қиындық тудырып отыр. Өйткені Алматы жақтан да, Семей жақтан да көлге көлікпен жету мүмкін емес. Жол жоқ. Сондықтан да халық ұшақтардың тезірек іске қосылуын тағатсыздана күтіп жүр. Ал әуежай құрылысы неге мұнша созылып кетті? Үржар ауданы әкімдігі мамандарының айтуынша, нысандағы қайта жаңғырту жұмыстары аяқталған. Ұшу-қону жолағы 1500 метрден 2100 метрге ұлғайтылған. Бұдан бөлек екі басқару жолағы, бір перон, бақылау мұнарасы, жанар жағармай стансасы мен су тазарту жүйесі салынған. Жоба құны – 4 миллиард 780 миллион теңге. Әуежайдың іске қосылмай жатқанына Азаматтық авиация комитеті мамандарының тексерістен кейін бірнеше ескерту жасауы себеп болған.

Маман Ежанхан, Үржар аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Азаматтық авиация комитетінің мамандарымен 4-6 шілде аралығында сертификациялау өтті. Сертификациялау кезінде халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бойынша тиісті ұсыныстар енгізілді. Бүгінгі таңда мердігер тарапынан кемшіліктерді жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Шамамен шілде айының 20-27 аяқтау жоспарланып отыр. Азаматтық авиация комитетінің мамандарын қайта шақырып, сертификаттау өткеннен кейін ұшақтар ұшуды бастайды.