Алматы облысы: Дәулет ауылының заты атына сай болмай тұр

Алматының дәл іргесінде орналасқан Дәулет ауылының тұрғындары «өркениеттен тыс қалдық, елді мекенде халыққа мүлдем жағдай жасалмаған», деп тілшілерге шағымданды. Айтуларынша, әкімдіктің ауылға газ тартылады деген уәдесіне 10 жылға жуықтаған. Оған қоса су құбырлары ескі. Сондықтан тіршілік нәрі белгілі бір уақытта ғана беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа үйлер салынып жатқан аумақтың тұрғындары жол жоқ болғандықтан күз бен көктемде батпаққа батады екен. Шолпан Оразбаеваның пәтері екінші қабатта. Қыс бойы көмірді өзі тасып, түні бойы от жағып шықты. Себебі үйі тез суып кетеді. Өзі көп балалы ана. Үйлемелі-сүйелмелі 7 кішкентайы бар. Солар суық тиіп, ауырып қалмасын деп үйін жылы ұстауға тырысады.

Шолпан Оразбаева, ауыл тұрғыны:

Қыста тонналап ала алмаймыз. Оған жағдайымыз жетпейді. Мешоктап алам пособияға дейін. Пособияда берем ақшасын, келесіде тағы қарызға алам бір алғанда 10 мешок алам. Тез суып кетеді. Газ болса тұрады ғой. Түнделетіп жағып тұру керек.

Көгілдір отын мәселесі жалғыз Шолпанның ғана емес, бүкіл Дәулет ауылы тұрғындарын толғандырып отыр. Тіпті өздері ақша жинап елордаға өкіл жіберген. Ол да министрге кіргенімен бұл шаруаны шеше алмаған.

Амантұрды Шағатайұлы, ауыл тұрғыны:

Маған айтқан 2013 жылы газ болады деп. Қазір 22 жыл. 10 жыл болды. Мен бір естігем 2023 жылы Талғар ауданы барлығы 100 процент газбен қамтамасыз етілдеді деген. Барлығы да уәде беріп кетеді, ізі жоқ. Өткенде нақты қашан болады десек, 2-3 жылды сілтеп жіберді. Адамдардың шыдамы таусылды.

Жергілікті билік мұндағы жағдайдан хабардар. Қайнар ауылдық округіне 12 ауыл қарайды. Соның бір-екеуі ғана толық газбен қамтамасыз етілген. Ал Дәулетке қатысты жоба бірнеше рет өзгерген.

Нұрбол Есенбаев, Қайнар ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы:

– Негізгі себеп 2019 жылы жобаға қаражат бөлініп басталған кезде ауылдың населениесі аймағы кішірек болған. Одан бері екі рет өзгерді. Соған байланысты жобасы өзгерді. Дәулет ауылының қасындағы Жаңалық ауылы бар, Көктал ауылы, Қайнар, Тереңқара, Сақтан, ауылындарында газ жоқ. Бұл жобалар барлығы дайындалу үстінде.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

Дәулет ауылында газдан басқа өзекті жайттар жетіп арылады. Тұрғындар жаңадан салынып жатқан аумаққа жол салып беруді сұрайды. Сондай-ақ мұнда ауыз су мәселесі де өткір тұр. Су түнде ғана беріледі. Ал халықпен кездескен ауыл әкімі барлық мәселе кезең-кезеңімен шешіледі деумен ғана шектелді.

Биыл ауылда бар-жоғы 3 шақырым көшеге тасқұм төселеді. Ал жаңа үйлер салынған аумақ тұрғындарының күтуден басқа амалы жоқ. Дәулеттіктер әкімдік Алматыға қатынайтын автобус ұйымдастырып берсе дейді. Арасы 40 шақырымдай ғана жол. Мұнда 3 мыңға жуық халық тұрады. Тіркеуде тұрмаған тағы мыңға жуық адам бар. Халық сабылып таксимен жүреді. Ал дәулеттіктерге арман болған газдың жобалық сметалық құжаты жыл соңында ғана дайын болады. Бірақ құбырдың қашан тартылатыны әзірге белгісіз.  

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев