Павлодарда жол жұмысшыларының үстінен тұрғындар шағымы көбейді

Павлодар қаласының көшелерінде жол жөндеу жұмыстары қызу. Қазіргі уақытта онға жуық ірі аумақта асфальт төсеу, инженерлік коммуникацияларды тарту  қолға алынған. Десе де, қайнаған тірліктің ортасындағы жұмысшылар жол қауіпсіздігіне мән бермей жатады. Салдарынан тұрғындар тарапынан шағым көбейген.

Қайыркен Дүйсенбаев бірнеше апта бұрын жол апатына ұшырады. Көлігімен жөнделген жолдағы бөгетке соғылған. Бұл аумақта су құбырлары жөнделіп жатқан. Жауапты мамандар учаскедегі асфальтты ретке келтірмеген. Айналасында белгі де болмаған. Салдарынан зейнеткердің машинасы аударылып қала жаздады. 71 жастағы азамат дін аман. Ал темір тұлпарды қалыпқа келтіруге қыруар қаржы керек.

Қайыркен Дүйсенбаев, зардап шегуші:

- Сотқа беріп жатырмыз. Оценщик жалдадым. Адвокат жалдадым. Бағалап жатыр. Бұл енді әжептәуір уақытқа созылатын нәрсе. Медиация, келісімге келейік деп едік. Олар келісімге келе алмаймыз, сотқа беріңіз деді.

Қалада осыған ұқсас оқиғалар жетіп артылады. Шағымдар көбейгендіктен, жауапты органдар тексерісті күшейткен. 

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Бүгінгі күнге дейін жол-көлік инспекциясының осы тектес 70-тен астам нысанды тексерген. Нәтижесінде жол қауіпсіздігі ережелеріне қайшы келетін бірқатар олқылық анықталды. Мәселен, ереже бойынша бұл аумақ осындай темір белгілермен толық қоршалуы керек. ал түнгі уақытта, яяғни, жөндеу жұмыстары кезінде аумақ жарықтандырылуы шарт.

Павлодардың жекеменшік аумағындағы көшелердің жағдайы осы. Айналаның бәрі шұңқыр-шұңқыр. Қазіргі уақытта коммуналдық жүйелердегі жөндеу жұмыстары қызу. Тұрғындар әсіресе түнде жүруге қорқамыз дейді. Себебі тиісті белгілер жоқ. Тексеріс нәтижесінде бірқатар бұзушылықтар анықталды. Тәртіп сақшылары мердігерлерге ескерту жасады. 

Арман Кәрібаев, Павлодар қалалық әкімшілік полиция бөлімінің бастығы:

- Жол бойындағы құдықтарды асфальт деңгейімен сәйкес келтірмеу, арнайы жол белгілерінің болмауы, қоршалмауы сияқты деректер тіркелді. Салдарынан жол апаттары пен деректер тіркеліп жатыр. Тұрғындардың көліктері қирайды дегендей. Біз кінәлілерді анықтап, жауапқа тартамыз. 

Жыл басынан бері полицейлер жөндеуден соң жол жабындысын күтіп-баптауда  олқылықтарға жол берген 125 тұлғаны жауапқа тартты.

Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Жеңіс Темірболат