Бір бөлке нан үшін пойыздың астымен өтеміз – Теміржол өткелі жоқ ауыл халқы

Ақтөбе шетіндегі шағын ауыл тұрғындары үреймен күн кешіп жүр. Себебі көрші тұрған Қурайлы ауылындағы әлеуметтік мекемелерге бару үшін теміржолды кесіп өтуге мәжбүр. Жергілікті жұрттың өткел салып беруді сұрағанына бірнеше жылдан асты. Бірақ жауаптылар тарапынан әзірге нақты іс болмай тұр.

Анастасия Артықбаева бұл темір жолды бала күнінен бері кесіп өтіп жүр. Себебі өзі тұратын шағын ауылда қажетті нысандар болмаған соң арғы беттегі елді мекеннің балабақшасы, мектебі тіпті дүкеніне де қатынап өсті. Жас кезінде өз өмірі үшін қорқыныш аса сезілмегенімен қазір балалары үшін алаңдайды. Өйткені олар да көрші Қурайлыға қатынап оқиды. Ал жолдан өту өте қауіпті.

Анастасия Артықбаева, Қурайлы станциясының тұрғыны:

- Бір бөлке нан үшін осы пойыздардың астымен өтіп, көрші ауылға барамыз. Бұған ешкім сенбейді. Бірақ бұл проблеманың шешілмей жатқанына біраз жыл болды. Адамдар үйлер салып, қатарымыз көбейіп жатыр. Сондықтан осы мәселені де жоятын уақыт жетті емес пе?

Қала шетіндегі бұл шағын ауыл кезінде теміржол станциясы ретінде пайда болған. Қазір бау-бақша, мал өсіріп отырған 20-дан астам отбасы тұрып жатыр. Бірақ жанындағы Қурайлы елді мекені мен Ақтөбеге қатынау үшін өмірлерін қатерге тігіп, теміржолдан өтуге мәжбүр. Себебі ауылда тіпті дүкен түгіл, дәріхана да жоқ. Соңғы кездері мұнда жүк пойыздары апталап тұратын болған. Салдарынан тұрғындар вагондар арасынан өтеді. Ал шойын жолды айналып өту үшін үш шақырымдай жер жүру керек. Бұл  негізінен қарттар мен мектеп жасындағы балаларға оңай емес.

Сәлима Қадыралина, Қурайлы станциясының тұрғыны:

- Пойыз әлма-әл екі жетілеп, үш жетілеп тұрады. Соның астынан бүгіліп, үлкен адамбыз ғой қазір біздер, өтеу да қазір бізге оңай емес, балалар да мектепке барады қазір немерелерім. Оларды да апару қиын.

Қайрат Көшкенбаев, Қурайлы станциясының тұрғыны:

- Қай жақтан өтеміз біз? Өтетін жер жоқ қо енді. Амал жоқ, 2 пойыз 3 пойыз күтеміз. "Біссіміләмізді" айтып өтіп кетесің.  Құдай сақтасын, бірдеңе болса ана жерде ертең айтады: "Әне знак тұр. Қайда қарадың?" дейді. Теміржол не виноват.

Тұрғындардың мәселесі құзырлы органдарға талай жеткен. Олардың жалғыз арманы – теміржолдан қауіптенбей өту үшін өткелдің болуы. Алайда, өтініш айтып келе жатқандарына бірнеше жыл болса да, әзір сең қозғалмапты. Ауылдықтардың мәселесін желілік полиция бөліміндегілер де көтеріп келеді.

Айтұрған Елеусізов, Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімінің бөлімше бастығының м.а.:

- Айтса айтқандай, халықтың ол жерде енді былай теміржол бетіне, школға яғни шаруашылығының өтуіне мүмкіндік жоқ. Ол жерде арнайы өткелдер орнатылмаған. Сол жөнінде олар өздерінің наразылықтарын білдірді. Облыс әкімдігіне ұсыным хаттар жолдадық. Осы желілік полиция бөлімі атынан.

Анықталғандай, мәселенің қай уақытта шешілері әзірге белгісіз. Теміржолға жауапты мекеме қызметкерлері өткел салу компания міндетіне кірмейтінін айтады. Ал жергілікті билік бұл үшін ауқымды қаражат қажет дейді. 

Сәндібек Аманбаев, Ақтөбе магистральді желілік бөлімшесінің бас инженері:

- Қурайлыға енді өткел сала алмаймыз жер үстінен. Біздің құзырымызға кірмейді ол. Ол жергілікті органдардың құзырына кіреді. Настил? Оны да сала алмаймыз. Себебі теміржолда ондай термин жоқ. 

Навои Әмірбеков, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Ағымдағы жылы біз тек жобалық-сметалық құжаттама дайындау жоспарлаудамыз. Жобамен 4-7 дайындалатын болса  және де мемлекеттік сараптамаға 2 ай уақыт кететін болса, ол келесі жылдың бірінші не екінші кварталында оң қортынды шыққаннан кейін құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу жоспарланатын болады.

Теміржол арқылы өткел салыну үшін алдымен бюджеттен қаражат сұралмақ. Содан кейін ғана құрылыс басталады. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Тұрғындардың өтінішіне енді ғана құлақ түрген жауапты орган өкілдері бұл мәселені түбегейлі шешу үшін әлі уақыт қажет дейді. Ал жыл басынан бері теміржол маңайында төрт бірдей қайғылы оқиға болған. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев