Нұр-Сұлтанда тұрғындар ауыз суға қол жеткізе алмай отыр

Бұл адамдардың Айнакөл көшесінің бойында тұрып жатқанына 15 жылдың жүзі болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кезінде олар құдығын өздері қазып, үйлеріне су тартып алған. Алайда баспаналарының дәл алдында жол салына бастағанда, тіршілік нәрі үйге жөнді келмейтін болды. Амалсыздан әрқайсысы сорғы сатып алған. Соның өзінде су сыздықтап ағады, - дейді тұрғындар. Жақында Астана су арнасы мекемесінің жұмысшылары оларға жаңадан құдық қазып берді. Бірақ енді тіршілік нәрін үйге дейін жеткізу үшін құбыр тарту керек.

Шарайна Базарбаева, қала тұрғыны:

 - Астана су арнасы мекемесінің жабдықтау бөлімінің бастығы сөз берген болатын бұл мәселе шешіледі деп. Қазір соңына дейін шешілген жоқ мәселе, жартылай қалып қойды. Олар әрі қарай өздеріңіз материалдар үйдің алдында тұр. Өздеріңіз жалғап алыңыз дейді. Біздің оған жағдайымыз жоқ.

 

Әр үйге суды тарту үшін орташа есеппен 500 мың теңге керек. Бұл үйлерде негізінен көпбалалы отбасылар тұратынын ескерсек, көбі мұндай соманы төлей алмайтыны түсінікті.

Сүлеймен Бейсембаев, қала тұрғыны:

 - Акимат жолды жасағанда су жоқ болып кетті. Біресе бар, біресе жоқ. Қазір вообще жоқ. Өздеріңіз тартып алыңыз дейді. Оған 300-400 мың теңге қажет. Кейбір алыс үйлерде 700 мыңға дейін жетеді. Біз неге оны істеуіміз керек?

Даудың себебін білу үшін біз Астана су арнасына жүгіндік. Баспасөз орталығының басшысы құбыр тарту мекеменің құзырына жатпайтынын жеткізді. Алайда 4 отбасы ауызсусыз қалмау үшін мамандар тиісті жұмыстарды орындап шыққан.

Назгүл Тәліп, «Астана су арнасы» МКК баспасөз орталығының басшысы:

- Бұл төрт үйдің тұрғыны бізге және қала әкімдігіне келіп, су мәселесін шешіп беруді сұрады. Оларға барынша көмектесуге тырыстық. Мәселен, әкімдік барлық қажетті құрылыс материалын сатып алды. Астана су арнасының мамандары техникалық жұмыстарды атқарды. Орталық су құбырына 15 метрлік полиэтилен құбырларын жалғадық. Жаңа құдық қазып бердік. Суды тазартып қойдық.

Енді тұрғындарға тек сол құдыққа құбыр жалғап, суды үйлеріне дейін тартып алу қалды. Оларға құрылыс материалдары берілді. Бірақ бұл жеке меншік үйлер болғандықтан, Астана су арнасы әрқайсысына құбыр салып бере алмайды, -дейді мекеме өкілдері.

Авторлары: Дариға Ташенова, Аят Дүйсенбаев, Мұрат Әріпханов, Самат Әубәкір