2035 жылға қарай Қазақстан 11 гигаватт төмен көміртекті қуат көзіне қол жеткізеді

Оның 6,5 ГВт-ы жаңартылатын энергия көздері күн мен желден алынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мақсатты орындау үшін Ұлттық энергетикалық желі жаңғыртылып жатыр. Алдағы уақытта батыс және оңтүстік аймақтың энергожүйесі күшейтіледі. Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов ТМД елдері электр энергетикалық кеңесінің 60-отырысында осылай деді. Елдегі электр қуатына қажеттілікті өтеу үшін жаңғырту және жаңа қуат көздерін іске қосу жобалары іске асырылуда. Бұл жұмыстар 2025 жылға дейін 1400 Мегаваттан аса энергияға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Болжам бойынша Қазақстан 2035 жылға дейін көмір тұтыну көлемі 40 пайызға дейін төмендетеді. Қайта жаңғыртылатын қуат көздерін пайдалану үлесін 23 пайызға жеткізеді. Жалпы, бүгінде елімізде 190 электр станциясы қуат өндіреді. Олардың барлығының бекітілген қуаттылығы 23,9 гигаватт.

Жандос Нұрмағанбетов, ҚР Энергетика вице-министрі:

- Бұл электр энергетикалық кеңес, яғни техникалық кеңес. Бұл жерде бүкіл мемлекеттердің энергетиктері өз тәжірибесімен бөліседі. Бізде өзекті мәселелер бұл декарбонизация мәселесі. Өйткені әрбір мемлекет жаңартылатын энергия көздерін дамытып келе жатыр. Оның өз жақсы тараптары мен кедергілері бар. Соны қалай шешіп жатыр, қандай жоспарлар қабылд жатыр сол туралы тәжірибе ауысамыз бүгін.

Отырыста ТМД электр энергетикалық кеңесі жанындағы үйлестіру кеңесі жолдаған бірқатар құжат талқыланды.