Петропавлда әуежай сенімгерлік басқаруға беріледі

Петропавл халықаралық әуежайы сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілетін болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аталған стратегиялық нысан наурыз айынан бастап үш рет аукционға шығарылған болатын. Алғашында әуе вокзалы 5,6 млрд теңгеге бағаланған еді. Алайда оған қызығушылық танытқан бірде бір инвестор табылмады. Сондықтан оның құны екі есеге дейін төмендетілді. Жалпы осыдан 6 жылдан астам уақыт бұрын  мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ол кезде бұл мақсатқа ел қазынан 7 млрд теңге жұмсалып, ұшып-қону жолағымен жолаушылар терминалы жаңартылды.  

Мирхат Әбілмәжінов, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- Әуежай қазіргі пайдаланушыларға сенімді басқаруға беріліп отыр. Олар заңды түрде аукционға қатысты. Енді олар 10 жыл бойы жолаушылар тасымалын қамтамасыз етуі қажет. Ал нысанды тек бес жылдан соң сатып ала алады. Осы уақыт аралығында 1,2 млрд теңге салуға міндетті. Осылайша әуежайдың жарамдылық сертификатын қолдауға және ұшу қауіпсіздігі үшін сертификаттық талаптарды қамтамасыз етуге міндетті. Егер бұл шартты ұстанбаса, біз келісімді бұза аламыз.