Елімізде індет індеп барады

Мегаполистердің жағдайы мүлде мүшкіл. Бағалау матрицасы бойынша да сол үлкен қалалар алға шығып кетті, тіпті күні кеше Алматы қаласы «қызыл» аймаққа бір қадам жақын болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда бүгін Денсаулық сақтау министрі өңірлердің барлығы жасыл аймақта екенін мәлімдеді. Ауру азаймады, тек эпидахуалды бағалау әдісі өзгерді. Енді коронавирусты бақылау ауруханалардағы бос орын бойынша жүргізіледі.

Бекзат Аманов, тілші:

- Коронавирус көп күттірген жоқ. Енді ғана бұқара «бетпердеден босап, шектеудің шырмауынан шықтық па?» дегенде індет қайта күшіне мінді. Елімізде күніне мыңнан аса адамнан вирус анықталып жатыр. Індеттің ілмегіне ілінбеймін десең, маска тақ дейді елдің бас дәрігері. Адам көп шоғырланған орындарда, немесе қоғамдық көлікте бетперде тағуды ұсынып отыр. Себебі елдегі эпидахуал күрделеніп барады.

Ауруханаға 2,5 мыңнан 5  мыңға дейін науқас жеткізілсе, «Жасыл» деңгей, 5 мың мен 10 мыңның аралығында «сары» деңгей. Ал бұл көрсеткіш 10мыңнан асып кетсе, «қызыл» деңгей анықталады.

Коронавирус матрицасының жаңа тәртібі:

2500-5000 науқасқа дейін – «Жасыл» аймақ

5000-10000 науқасқа дейін –  «Сары» аймақ.

10000 асып кетсе – «Қызыл» аймақ.

Сонымен қатар эпидахуалдың алдағы үш айлық болжамы да белгілі. Оған сенсек, індет жұқтыру тамыз айында шарықтау шегіне жетеді.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Эпидахуалдың алдағы 3 айлық болжамы белгілі. Пессимистік сценарий бойынша елімізде күніне 4 мың науқас тіркеледі деп күтілуде. Ал реалистік тұрғыдан қарасақ, 2 мың 500 адам қоронавирус жұқтыруы мүмкін. Оптимистік сценарий күніне мың жағдайды көрсетіп тұр. Індет жұқтыру тамыз айына дейін көтеріледі, ал қыркүйектен бастап азаяды.

100 млдр теңге. Биыл коронавирус инфекциясымен күресу үшін осынша қаражат бөлінеді. Бұл өткен жылғы бюджетпен салыстырғанда алты есе аз. Министрдің айтуынша, аталмыш қаражат әзірге жеткілікті. Алайда күзгі-қысқы кейбір сценарийлер бойынша бюджет қайта қаралуы мүмкін. Шектеулердің де күшеюін ешкім жоққа шығармайды.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- «Сары» аймаққа көшу кезінде инфекция көзін жою бойынша қосымша шаралар қабылданады. Біз бұл шектеулерді айқындап алдық, келесі ведомствоаралық комиссия отырысында талқылауға шығатын болады. Оның ішінде жұмысты қашықта істеу мен бетперде тағу міндеттеледі.

Одан бөлек, оқушыларды да қашықта оқыту мәселесі қайта қаралуы мүмкін. Министр бұл сұраққа оқу жылы жақындағанда жауап беретінін мәлімдеді. Ашығын айту керек, осыған дейінгі кей шектеулер тиімсіздігін көрсетті. Не істерін білмей сеңдей соғылған қарапайым халық ғана. Бизнес те тұралап қалды. Ал биыл ше? Қатеден сабақ алдық па? Министр қажет болса, бұрынғы шектеулерге қайта оралуымыз мүмкін екенін жеткізді. Ал қолданылған шараларды тиімсіз еткен өңірлердегі өкілдер екен.