Жамбыл облысында электр энергиясының бағасы арзандай ма?

Қарлығаш Дәрібаеваның жанұясы жер үйге қоныстанған. Әдетте мұнда тоңазытқыш пен теледидар қосулы тұрады, ал кешкілік уақытта жарық жағылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Десе де ауыл тұрғындарының барлығы соңғы кезде энергияға берешек айтарлықтай көбейгенін байқаған. 

Қарлығаш Дәрібаева, Жаңатас қаласының тұрғыны:

- Осы жарықты бізге дұрыстап берсе, әр ай-сайын 9-12 мың теңге төлеген бізге де қиын. Мен көпбалалы анамын. Енем бар, жалғыз күйеуім ғана жұмыс істейді мен үйде отырған адаммын.

Жаңатасқа газ жүйесі тартылмаған. Сондықтан тұрғындар әсіресе қысты күні тұрмыстық қажеттілікке электр энергиясын көп пайдаланатынын жасырмайды. Бірақ қазіргі тариф қалтаға салмақ салады деп шағымданғандар көп. 

Еркебұлан Топжарғанов, Жаңатас қаласының тұрғыны:

- Бұрын халықпен кездесу өткізген кезде халыққа осының тарифін төмендеу қылып береміз деген. Бірақ қазір тұрып жатқанымызға қанша жыл болды, біз облыс немесе республикаға шаққанда аз төлеп жатырмыз деп айта алмаймын. Не солармен деңгейлес, не олардан жоғары. Бұрын айына 2-3 мың төлейтін жарыққа, қазір айына 6,7,8 мыңға дейін шығып кетеді.

Жаңатастағы жел электр станциясының қуаттылығы - 100 мегават. Мұнда жыл сайын 350 миллион киловатт электр энергиясы өндіріледі.  Жауаптылар мұндай көлем, кем дегенде 200 мың үйді тұрақты электр қуатымен қамтуға мүмкіндік береді деп отыр. Десе де ол бірыңғай электр желілерін тарату жүйесіне берілетіндіктен, жекелеген елдімекен тұрғындарына өзге тариф қарастыру мәселесі әзірге көтерілмейді дейді мамандар.

Нұрбол Ізтілеуов, Жел электр станциясына қызмет көрсететін техникалық маман:

- Қазақстан бойынша баламалы энергия үлесі 3 проценттен аспайды. Сондықтан бұл бағытта әлі де белсенді жұмыс жүруі тиіс. Қазір электер энергиясының тапшы болғандықтан, тіпті оны импорттап аламыз. Бірінші ішкі қажеттілікті толық қамти алсақ, онда тарифті қайта қарау мәселесін қарастыруға болады. Бірақ қазір бұл туралы сөз қозғауға ерте.

Жергілікті әкімдік те қала халқы үшін басқа тариф бекіту мәселесі бұған дейін сөз болған жоқ деп отыр. Әзірге дәл осы жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру жоспары бар. Ол үшін 230 гектар жер бөлініпті.

Марат Сұлтанғалиев, Сарысу ауданының әкімі:

- Бекітілген тарифтен төменірек, осы Жаңатас немесе Сарысу ауданы тұрғындарына төмен берілу мәселесін заң жүзінде қозғайтын боламыз. Егер олар көнген жағдайда әрі қарай заңға сай тетіктері бар, механизімдеріне сай жұмыстар атқарылатын болады.

Жобаның екінші кезеңі қазір тек жоспар күйінде тұр. Оған инвестор әлі қаржы бөлген жоқ. Сондықтан халықтың электр энергиясына бекітілген дифференциалды тариф бойынша төлеуіне тура келеді. Ал, екінші кезең жүзеге асқан кжағдайда жергілікті тұрғындарға басқа тариф бекіту мәселесі мақұлдана ма, жоқ па ол жағы әзірге белгісіз. 

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Анастасия Сулейманова, Тимур Сейілхан