Атырауда жұмыссыз қалған сегіз мың мұнайшының мәселесі қаралды

Атырауда бос жұмыс орындары бола тұра, жұмысқа орналастыру деңгейі төмен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған қоса Теңіз кенішінде істейтін 8 мыңға жуық қызметкер жұмыстан босатылған. Мұнайлы өңірге жұмыс сапарымен барған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова осы мәселеге орай кеңес өткізді. Келіссөздер қорытындысы бойынша министр Тамара Дүйсенова, облыс әкімі Серік Шәпкенов және «Теңізшевройл» ЖШС Бас директоры Кевин Лайон қызметкерлерді жұмыстан жоспарлы түрде босату және оларды еңбекпен қамтуды мониторингілеу жөніндегі іс-шаралардың жол картасына қол қойды. «Келешекте Теңіз кенішінде Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасының құрылысы аяқталады. Сол себепті жұмыссыздықты болдырмау мақсатында жүйелі істер атқарылуы керек», – деді министр.

Тамара Дүйсенова, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– 280 мыңға жуық жалдамалы жұмысшылар бар Атырау облысында. 9 жарым мың жұмыс істеп тұрған мекемелер бар. Қазір 478 мың орташа еңбекақы Атырау облысында. Бұл жалпы республикалық еңбекақының 60 процентке жуығы. Осындағы көптеген мекемелер өздерінің жұмыскерлеріне 5-тен 20 процентке дейін Атырау облысы бойынша көтерді.