Ұлттық нақыштағы лагерь оқушыларға шымылдығын айқара ашты

Жазғы лагерьде рухани құндылықтар дәріптелді. Ақмола облысында балалар демалысы этноауылда өтіп жатыр. Онда киіз үйлер тігіліп, төл музыка шырқалады. Ал дастархан ұлттық тағамдарға толы.

Әу баста бұл лагерьдің өзге де демалыс орындарынан еш айырмашылығы жоқ еді. Әйткенмен, қазақы болмысты насихаттау бастамасы барлық шаралар легін айшықтай түсті. Ақшаңқай киіз үй мен оның ішіндегі ақ дастархан балаларға тосынсый болды.

Бірлік Баржақсымов, балалар лагерінің меңгерушісі:

- Біздің ата-бабамыздан қалған киіз үйіміз, оны жай ғана жеткізу емес, тарихын айту. Бешбармақпен бірге біз қымыз береміз. Сол ішінде болғанда бала ерекше қабылдайды. Сондықтан мақтануға да болады онымен. Ұрпақ тәрбиесі – ұлттың болашағы. 

Киіз үй ішінде балалар домбыра тартуды да үйрене алады. Демалыс орнында дәстүрлі әндер шырқалып, күйлер тартылады. Сонымен қатар жасөспірімдер көне қару-жарақ түрлерімен де таныса бастады. Мұнда келген әрбір мектеп оқушысы ерекше әсер алғанын айтады.

БЛИЦ

Бекарыс Қайдар, мектеп оқушысы:

- Біз киіз үйге жайғасып, ұлттық тағамдар жейміз. Қазақтың біраз салт-дәстүрін үйреніп те қалдым. Бұған қоса, ат ерттеуді меңгеріп келемін.

Елдар Қанат, мектеп оқушысы:

- Мен ер-тоқым мен садақты ұстап көргенде қатты қуандым. Мұнда келесі жылы тағы келгім келеді. Өзіммен бірге достарымды ерте келуге тырысамын. 

Лагерь ұйымдастырушылары мұндай бастаманы алғаш рет қолға алғанын жеткізді. Жарты айдың ішінде демалыс орнына өзге өңірлерден де туристер келген екен. Енді мамандар келесі жылы қазақтың өзге де жәдігерлерін насихаттауды жоспарлап отыр.

Еркебұлан Смадияров, Виктор Полянный