Орташа жылдамдықты асырғандарға жаза қолданылады

Ішкі істер министрлігі қала маңындағы жолдарда орташа жылдамдықты асырған көлік жүргізушілерін жауапкершілікке тарту бойынша заңға толықтырулар енгізіп жатыр.

Бұл туралы  министрліктің Әкімшілік полиция комитеті  хабарлады.

Бүгінде Қазақстан стандарттау және метрология институты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске "орташа жылдамдық" ұғымын енгізу жобасын әзірледі. Енді құжат күзге дейін заңды күшіне енеді. Осы заңнама бойынша  орташа жылдамдық қала сыртындағы тас жолда өлшеніп, сосын "Сергек" камералары арқылы  бақыланады.  Әзірге салынатын айыппұлдың мөлшері белгіленбеді. Бұдан бөлек елімізде  кейбір  жүргізушілер айыппұл төлеудегі жеңілдіктен айырылуы мүмкін.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бір жылда бес реттен  артық ереже бұзған азаматтарға жол қозғалысы үшін салынатын айыппұлды 50 пайыз жеңілдікпен төлеу мүмкіндігі  қарастырылмайды.