БҚО-да журналистер сынынан кейін жол құрылысы жалғасты

Батыс Қазақстан облысында республикалық автожолдың соңғы учаскесінде құрылыс жұмыстары қайта жалғасты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еске сала кетейік, бірер апта бұрын дәл осы мәселе бойынша арнамыздан сыни бейнематериал көрсеткен едік. «Қазталов – Жәнібек – Ресей» бағытындағы трассаның құрылысы ұзаққа созылып кеткен болатын. Соның ішінде Жәнібек ауылынан шекараға дейінгі 7 шақырым жолды жаңғырту жұмысы биыл мүлде жүргізілмеген. Аудан тұрғындары мердігер компанияның жауапсыздығын айтып, билік тарапынан түйткілді шешуді талап етті. «Қазавтожол» мекемесінің мамандары мердігердің техникалық мәселелерге тап болғанын мәлімдеген еді. Жуырда құрылыс компаниясы тиісті жұмыстарға кірісе бастады. Енді «Қазталов – Жәнібек – Ресей» және «Өнеге – Бисен – Сайхын» бағытындағы күре жолдар келер жылдың күзіне дейін аяқталуы тиіс.