Түркістан облысында 14 мың тұрғыны бар ауыл халқы сусыз отыр

Түркістан облысында 14 мың тұрғыны бар ауыл халқы сусыз отыр

Түркістан облысында демалыс орнының иесі өзен арнасын бұрып, 7 ауылды сусыз қалдырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір өңірдегі Ордабасы ауданының 14 мыңға жуық тұрғыны сусыз отыр. Олар бұл жағдайға өзенді демалыс аймағына бағыттап, бұрып алған кәсіпкерді кінәлайды. Тұрғындар мәселені шешуге тырысып, бірнеше мәрте кәсіпкермен кездескен. Алайда демалыс орнының қожайыны олардың өтінішіне құлақ аспапты. Ашуға булыққан жеті ауылдың жүзге жуық тұрғыны демалыс аймағына жиналып, шағымдарын жеткізді. Тұрғындардың айтуынша, өзеннің арнасы бұзылғаннан кейін мыңдаған гектар жайылым мен егістік алқабына су бармай қалған. Соның салдарынан диқандар мен бақташылар зардап шегуде. 30 жылдан бері қауын-қарбыз егіп, бала-шағасын асырап отырған Теспе ауылының тұрғындары соңғы бес жылда негізгі табысынан айырылғандарын айтады. Сондай-ақ ауылдықтар кейде демалыс аймағынан шыққан өзен суы қып-қызыл болып ағатынын жеткізді. «Сондықтан бұрынғыдай жаз мезгілінде суға түсуден қалдық»,- дейді. Алғашында «балық шаруашылығын дамытамын» – деген кәсіпкер кейін бұл жерге бассейіндер салып, демалыс аймағына айналдырып жіберген. Одан шыққан кәріз суы арыққа құйылады. Ал ауыл тұрғындары соны ішуге мәжбүр.

Данияр Қалтаев, Қайнар ауылының тұрғыны:

– Біз сол суды ішіп отырмыз қазір. Біздің жағдайымыз өте аянышты жағдайда. Келешекте не болады бұл жер? Экологиялық талаптарды өрескел бұзып отыр. Өзеннің арнасын әрі-бері бұзып жіберді. Бұл енді экологиялық апатқа әкелуі мүмкін. Біз ешқайдан келген жоқпыз бұл ауылға. Бұл біздің туған жеріміз. Біз бұл жерді бүлдіруге мүмкіндік бермейміз. Біз осы бағытымыздан қайтпаймыз және бұл арнаны ашамыз.

Нұрболат Бермұратов, Ордабасы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

Бұл территория Шымкент қаласының балансындағы жер телімі. Ақпан айында осы жерде аудан әкімінің орынбасарымен арнайы мамандар мен шаруалардың мәселесі көтерілген. Сол кездегі келісім бойынша бұлақ көзінен шығып жатқан суды тазалау міндеттелген. Бұл бойынша Шымкент қаласына хаттар жолданған.

Түркістан облыстық әкімдік өкілдері бұл мәселе бақылауға алынғанып, Шымкент қалалық әкімдігіне хат жолданғанын айтты. Ал өзен арнасын бұрып алған кәсіпкердің өзімен кездесу мүмкін болмады. Әбден ашынған Ордабасы өңірінің тұрғындары мәселе шешілмесе, Президентке шағымдануға бел буып отыр.