Маңғыстау облысында нөсер жауыннан кейін сарқырама пайда болды

Маңғыстау облысындағы Саура шатқалында нөсерден кейін пайда болған сарқырама тұрғындардың қызығушылығын тудырып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бейнежазба әлеуметтік желіде тарады. Шатқалдың ортасындағы тасбақалар көлі олардың нағыз айдынына айналыпты. Сарқырамадан аққан су да осы көлге келіп құйылған. Тасбақалар облыстың тек осы аймағында ғана мекен етеді. «Саура шатқалын әйгілеген бауырымен жорғалаушылар үшін бұл қалыпты жағдай, қауіп жоқ», – дейді экологтар.

Кирилл Осин, тәуелсіз эколог:

Негізі бұл көлге сарқырамадан құйылатын су кейін бүкіл каньонға ағып кетеді. Ал тасбақаларды шайып кетсе, онда олар осы шатқал бойынан өлі табылатын еді. Бірақ мұндай жағдайлар бұрын тіркелмеген.