Қостанайда ағашқа құрт түсіп жатыр

Қоңыздың бұл түрі осындай жанып кеткен қарағайларда жұмыртқалайды. Пригородный орман шаруашылығында мұндай он гектардай өлі ағаш бар. Құрттар ағаш діңін жеп, тез арада өсіп-өнеді. Ең ірі деген қоңыздың ұзындығы 8 миллиметрден аспайды. Кене сияқты адамға қаупі болмағанымен, саны көбейіп барады, дейді орманшылар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Зиянкестер қатты дауылдан құлаған ағаштарда жұмыртқалағанды өте жақсы көреді. Қаптаған құрттарды химиялық улау мүмкін емес. Бүлінген ағаштарды тек санитариялық тазарту арқылы сыртқа шығаруға рұқсат.

Болатбек Табылдин, Пригородный орман шаруашылығының бас инженері:

- Әсіресе, күн ыстықта олар қаптай бастайды. Жей бастайды. Ал егер ауа райы жауын болса жиі-жиі олар ондайды жақсы көрмейді. Салқын болса тіршілік жасалмайды. Ал жасыл өсіп жатқан қарағайларға зияны жоқ. Өйткені олар өзінің смоласын шығарады да сыртқа қонған қоңыздар сол жерден тіршілік жасалмайды. Сол себептен тек қана орманда мынау құлаған ағаш, жанған ағаштарды ғана жейді.

Дмитрий Колба, орманды қалпына келтіру инженері:

- Қоңыздардың көбеюін болдырмас үшін өлі ағаштар есепке алынады. Тиісті өлшеу шараларынан кейін ғана шабуға рұқсат. Бұның өзі оңай жұмыс емес. Бәрі заң жүзінде болуы үшін арнайы орман билетіне қол жеткізу керек. Тек сонда ғана санитариялық тазарту жүргізу құқығына ие боламыз.

Облыс ормандарында шіріген ағаштар шамамен 30 мың текше метр аумақты алып жатыр. Сәйкесінше мың жарымдай гектар жер қоқысқа толы деген сөз. Егер қоңыздың бұл түрі жаппай қаптайтын болса, зақымданған аймақта карантин жарияланады.                  

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг